Латынға  көшу арқылы  қазақ тілінің табиғи,  

    таза қалпын сақтай аламыз

 –       Елбасымыз 2025 жылдан бастап, латын әліпбиін қолданысқа енгізу керектігін айтты. Ал, сіз елімізге белгілі  зерттеуші ғалым ретінде»ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне дейін көшкенімізді мақұлдап отырсыз. Бұл тым асығыс шешім емес пе?

–       Бүгінгі таңда қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді басқалары бұл істе асығыстық жасамайық деп сақтандырады. Мұндай пікірлердің орын алуы өте заңды. Соның арқасында көпшілік осы бір күрделі мәселеге орай өзінің көзқарасын қалыптастырады. Алайда анық болатын бір мәселе бар. Ол – қазақ тілі бүгін бе, ертең бе міндетті түрде латын әліпбиіне көшеді. Оны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Жолдауында анық айтты. Яғни бір сұрақтың басы айқындалды. Президенттің»Қазақстан-2050» стратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы Тәуелсіздік күні қарсаңында 14 желтоқсанда болды. Оны бәріміз тыңдадық. Жолдауда Қазақ елінің болашақ даму стратегиясы айқындалды, соның ішінде қазақ тілінің латын әліпбиіне көшетіні туралы қорытынды пікір айтылды.

Мен ғалым ретінде, ел азаматы ретінде қоғамдағы кез келген мәселеге байланысты өз пікірімді білдіре аламын. Латын әліпбиіне қазақ тілі «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне дейін көшкеніміз дұрыс болар еді деген пікірді мен Президент Жолдауынан жарты ай бұрын 28 қарашада Астана қаласында өткен «Халықаралық кеңістіктегі қазақ графикасы» деген ғылыми-практикалық конференцияда білдірдім. Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінің 100 жылдығына орай өткен ол конференцияны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті ұйымдастырды. Айтайын дегенім – Елбасының Жолдауынан кейін журналистер қауымының ертеректе өткен шараларда айтылған пікірлерді қазбалай бермегені жөн шығар. Президент өз жолдауында Қазақ елінің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, ғылыми-ағартушылық дамуын, халықаралық кеңістіктегі орнын жан-жақты бағамдап, ішкі және сыртқы жағдайды толық ескеріп, әліпбиді қашан, қандай жолдармен ауыстыру керек, осыларға байланысты дұрыс шешім шығарды. Мен Президенттің сөзіне толық келісемін. Себебі қазір ойланып қарасақ, әліпбиді ауыстыруға ұзақ мерзім, көп қаражат, интеллектуалдық күш қажет. Көрші өзбек ағайындарымыз әліпбиін латынға баяғыда ауыстырып қойған.

–         Әліпбиді  латынмен алмастырғанда ұтатын және ұтылатын тұстарымыз қайсы?

–       Алдымен бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Бәріміздің электрондық поштамыз бар. Ол поштамыз кирил, араб, немесе басқа емес, латынмен жазылған. Астымыздағы көлігіміздің нөміріндегі әріптер латынмен берілген. Куәлігіміз бен паспортымызда латын әліпбиі тұр. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Яғни латын әліпбиі бізге таңсық емес. Ол біздің қоғамға еніп кеткен. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз төмендегідей: Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да табиғи іс екендігін айтқым келеді.

–       Латын әліпбиін қолданысқа енгізуде қандай кедергілер бар?

–       Айтарлықтай үлкен кедергілер жоқ. Негізінен, осы мәселеге байланысты халықтың көзқарасы, ниеті бір болса, қиындықтарды жеңіл  шешуге болады. Жастар жағы, орта буын өкілдері компьютерді толық меңгергендіктен латынды дереу үйреніп алады деп санаймын. Ал аға буынға сәл күрделі болуы мүмкін. Осы жағдайда психологиялық фактор дегенді де ескеруіміз керек. Үкіметтің қаражаты белгіленіп, нақты бағдарламасы бекітілген соң, Қазақстан халқы латынды көп қиындықсыз меңгеріп кететіндігіне сенім білдіремін.

–       Кейбір өзбек ғалымдары:»Қазақтар өз тілдерін әлі үйреніп болған жоқ. Латын әліпбиіне көшсе тілдерін өшіреді», – деген пікір айтыпты. Осы мәселеге байланысты сіздің ойыңыз қандай?

–       Латынға көшу секілді маңызы жоғары мемлекеттік мәселеде ғалымдардың, әсіресе осы істе тәжірибесі бар түркі ағайындарының пікірлеріне құлақ артқанымыз орынды. Ол біздің мәдениетімізді көрсетеді. Иә, рас Қазақстандағы қазақтың барлығы қазақ тілінде сөйлейді, жазады, іс-қағаздарын жүргізеді деп айта алмаймыз. Ол біздің шындығымыз, керек десеңіз – тағдырымыз. Оның себебін қазатын болсақ, тереңге кетіп қаламыз. Қазақтың барлығы қазақ тілінде сөйлемеген жағдайда латынға асығыс көшудің қиындықтары болатыны белгілі. Сондықтан Президентіміз «Қазақстан-2050» стратегиясында Қазақстандағы қазақтар ғана емес, тұтас халықтың 95 пайызы 2025 жылы мемлекеттік тілді игереді деп болжады. Яғни осы мерзімде тұтас халық тілді жаппай игеріп алған кезде, біз де латынға жеңіл көше аламыз. Бұл жағын ескергенде Елбасының үлкен көрегендігін тағы да мойындауымыз керек.

Өзбекстан елінде таяу арада сапарда болдым. Ол жақта мемлекет латынды оқыту үшін мектептерге, оқу орындарына қаржы бөлген де, қоғамның өзге азаматтарына көп көңіл аудармаған. Сондықтан оларда қоғам әлі уақытқа дейін екі әліпбиді қолданатын көрінеді. Жастар жағы латынға көшіп алса, орта буыннан жоғары ел азаматтары баяғыдай кирил әліпбиін пайдаланады екен. Біз қазір осы секілді өзекті мәселелерді өз елімізде ескеруіміз керек.

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз