–    «Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқын екіге бөледі» деп алаңдаған ұлт қайраткері Мұхтар Шаханов осы бір әліпби алмастыру қазақты екіге бөліп,  ұлт ретінде жойылуына әкеліп соғады деп дабыл қағуда. Сіз латын әліпбиіне көшуге бастамашылдық танытып келе жатқан жан ретінде бұл тұрғыда қазақ ұлтына төніп тұрған қандай қауіпті көріп тұрсыз…

–       Бұл сұрақтың жауабын жоғарыда айттым. Мұхтар ағамыздың ұлт тағдырына жанашыр ретінде алаңдаушылық пікірін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен қазаққа ұлт ретінде жойылып кетудің қаупін латынға көшуден емес, басқадан іздегеніміз орынды деп санаймын. Тағы қайталағым келеді. Қазақтың барлығы қазақ тілінде сөйлеп, монотілді ұлтқа айналған кезде қазақ тілін латынға көшіру жолдары жеңілдейді. Біз оны көрші әзірбайжан бауырларымыздан айқын байқай аламыз. Олардың жағдайы, өздерінің ана тілін жақсы білу мәселесі қазаққа қарағанда тәуір болғандығы кешегі кеңес кезінен белгілі еді. Өкінішке орай, біздің тарихымыз бен тағдырымыз өзгеше қалыптасты.

–       Ашылғанына аз уақыт болғанына қарамастан, түркілік тұтастық, түркілік ортақ¬тық арқылы рухани бірлігімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан өзіңіздің басшылығыңыздағы Түркі академиясының атқарған ауқымды істері мен алдағы жоспарлары туралы айта отырсаңыз…

–       Түркі академиясын құру туралы идеяны Қазақстан Президенті 2009 жылдың қазан айында айтты. Әзірбайжан елінің Нахчыван қаласында өткен Түркі тілдес мемлекет басшыларының тоғызыншы саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақ елінің басшысы түркілердің ортақ тарихын зерттейтін халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтың қажеттігін білдірді. 2010 жылдың 25 мамырында Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Түркі академиясының ресми тұсауы кесілді.

Түркі академиясы ғылыми ізденістерінде түркілердің тарихындағы ортақ құндылықтарды көрсетіп, сол арқылы олардың адамзаттың дамуына қосқан үлкен үлесін айқындайды. Және ең маңыздысы – ғылыми жұмыстар түркілердің бүгінгі мүддесі тұрғысынан жасалады. Осы уақытқа дейін істелген нақты жұмыстардың ішінде мыналарды атауға болады. 2010-2012 жылғы ғылыми зерттеу жұмыстарымыз 33 том болып жарық көрді. Кітаптар «Қазіргі түркология», «Түркі сөздіктері» , «Түркі оқулықтары» серияларымен шықты. Олардың авторлары – түркі дүниесінің, сондай-ақ әлемнің көрнекті түркітанушылары. Еңбектер бірнеше тілде сапалы безендіріліп жарияланды. Оның сыртында Түркі академиясы жылына бір реет «Түркі дүниесі» халықаралық альманах пен»Түркі антологиясын» дайындайды. Олардың алғашқы сандарының тұсауы былтыр Алматыда өткен Түркі кеңесінің ІІ Саммитіне кесілді. Көлемі 724 бет болған «Түркі дүниесі» альманахы қазақ, әзірбайжан, түрік, қырғыз, орыс, ағылшын тілдерінде басылып шықты. «Асыл мұра» деп аталған антологияда түркі ғұламаларының көнеден бүгінге дейінгі асыл ойлары жинақталды. Және бір ерекшелігі – қазіргі түркі тілінде берілген мәтіннің латынша транскрипциясы қоса ұсынылды. Альманах пен Антологияны шығару идеясын да Қазақ елінің Президенті айтақандығын ескергіміз келеді.

Түркі академиясының тоқсанына бір рет шығаратын халықаралық «Алтаистика және түркология» атты ғылыми басылымы бар. Журнал Парижде халықаралық тіркеуден өтті. Онда қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде қазіргі алтаистика және түркология ғылымының тыныс-тіршілігінен мағлұмат беретін мақалалар жарияланып тұрады. Академия түркология ғылымы аясында бірнеше халықаралық дөңгелек үстелдер, семинарлар, конференциялар  ұйымдастырды. Мамандарымыз Түркі академиясының таныстырылымдарын алыс және жақын шетелдерде жүргізді. Арнайы ғылыми экспедицияларды ұйымдастырып, түркология ғылымының өзекті мәселелерін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік туғызып отырмыз. Түркі академиясының ресми сайты жұмыс істейді. Мұның сыртында дүниежүзі бойынша түрколог ғалымдардың библиографиясын, түркологиялық орталықтардың тізімін әзірлеп жатырмыз. Олармен келісім-шарттар жасасып, бірлесіп жұмыстар жүргізілуде. Осының барлығы, біріншіден, түркология ғылымының жандануына, қайта тыныстануына тамаша жағдай туғызса, екіншіден, әлемдік кеңістікте Қазақстан Республикасының мәртебесін биіктетеді. Өйткені ғылым тілі арқылы диалог жүргізу – ең мәдениетті, ең бейбіт жол болып есептеледі. Әлмисақтан бері ғалымның сөзіне патша да, қарапайым бұқара да тоқтаған. Сол себепті түркілердің тарихын зерттеу – түркілердің болашағы үшін зәру дүние екендігін ұғынып алуымыз керек.

 

 



ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз