Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқы ассамблеясының ХІІ (2006ж., қазан) сессиясындағы тілдік саясат пен мемлекеттік тілді дамытуды жақсартуға байланыс­ты ұсыныстарының бірінде латын әліпбиіне көшудің тиімді-тиімсіз тұстарын бағдарлау жөніндегі берілген тапсырмасын орындау үшін Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған мемлекеттік комиссия өз жоспарына сәйкес латын қарпіне көшкен Түркия, Әзірбайжан және Өзбекстан – үш түркітілдес республикалардың тәжірибесін зерттеп, қарастыру үшін 2007 жылдың көктемінде ғылыми іссапар ұйымдастырған болатын. Іссапар барысында қазақ ғалымдары осы елдерде әліпби реформасын жасауға белсене қатысқан мемлекеттік, үкіметтік, лингвистикалық комиссиялар құрамына мүше болған беделді ғалымдарымен, қоғам қайраткерлерімен және осы мәселені егжей-тегжейлі зерттеген тұлғалармен сұхбат, кездесулер өткізді.Осы экспедицияның тілтанушы мүшесі ретінде мәселені жан-жақты қарастыру үшін мынадай мақсат-міндеттерді алға тартқан едік. Ең алдымен Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдеріндегі латын әліпбиіне көшу тәжірибесін зерттеу, оның лингвистикалық, аспектідегі тиімді-тиімсіз тұстарын, қолайлы-қолайсыз жағдайлары мен оң-теріс әсерлерін анықтау. Ол үшін:
– Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінің латын графикасы негізді жазуға көшуіне себеп болған негізгі факторларын анықтау;

– осы факторлардың ішіндегі басымдарын айқындау;

– аталмыш елдердің латын қарпіне өткенге дейінгі тілдік жағдаятынан ақпарат алу;

– осы елдерде латын әрпіне өту кезеңі және одан кейінгі тілдік жағдаятты айқындау;

– өткенге дейінгі және өткеннен кейінгі тілдік жағдаятты салыстыру;

– Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдеріндегі латын әліпбиі негізіндегі жазудың алдыңғы жазуға қарағанда артықшылықтары мен кемшіліктері туралы ақпарат алу;

– латын әліпбиі жобаларын талқылаудың барысы туралы ақпарат алу;

– жаңа әліпби жобаларының лингвистикалық негіздері жағынан артықшылықтары мен кемшіліктерін айқындау;

– жаңа әліпби жобаларындағы графемалар құрамы мен оның аталған ұлттар тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкестігін айқындау;

– жаңа әліпби жобаларының қазіргі қолданысы туралы ақпарат алу;

– жаңа әліпбидегі диакритикалық таңбалар жайын білу;

– төл дыбыстарға алынған таңбалар туралы ақпарат алу;

– жаңа әліпби жобасын ұсынып, енгізудегі жетістіктері мен кемшіліктері;

– жаңа жобаны таңдаудың негізгі критерийлері қандай болды;

– аталған елдердің тәжірибесіндегі графика сынды жетістіктердің, жаңа әліпбиді қолданудағы оңтайлылықтың және оны оқып-үйренудегі жеңілдік­тердің немесе білім беру саласындағы болған алға басулардың себебін анықтау;

– аталған елдердің тәжірибесіндегі графика сынды кемшіліктердің, жаңа әліпбиді қолда­ну­дағы қолайсыз­дық­тар­дың және оны оқып-үй­ре­нудегі қате­ліктердің немесе білім беру са­ла­­сындағы болған дағдарыстардың себебін анықтау;

– латын графикасы түркітілдес халықтардың ұлттық тілдерінің дамуына қалай әсер еткенін анықтау;

– тіл ғалымдарының көзқарасы мен осы істі жүзеге асыруға қаншалықты қатыстырылғанын анықтау;

– аталмыш елдердің тәжірибесін қорыту бойынша Қазақстан тәжірибесі үшін қажетті ұсыныстар жасау міндеттері қойылды.

Түркия. Стамбул, Анкара қалаларын­дағы ғалымдармен кездесу барысында анықталған ақпараттар бойынша Түркияда латын графикасына көшуге саяси, экономикалық, мәдени, лингвистикалық, қоғамдық-әлеуметтік түрткі­жайттар себеп болды. Түріктің араб графикасына негізделген жазуына реформалар жасау мәселесі, оның қолайсыздығы туралы пікірталастар Түрік Республикасы жарияланбай тұрғандағы Осман империясының кезінен бастап көтерілген. Кейіннен осы идеяны ұстанған басқа ғалымдар да түрік тілінің араб графикасын реформалаудан гөрі одан мүлде бастартып жаңа жазу латын жазуына көшуді оңтайлы деп табады.

Түркияның министрлер кеңесі 1928 жылдың 28 маусымында «Алфавит жөніндегі комиссия» құрып, ол 8 және12-шілдедегі өзінің отырысында латын графикасына негізделген жаңа түрік әліпбиін қабылдайды. Бұл «Әріп революциясы» деп аталатын қазіргі Түркия Республикасының негізін қалаушы М.К.Ататүріктің жүзеге асырған маңызды реформаларының бірі болды деуге болады. Оның басты себебі Түркия Республикасының өз даму бағытында батыс­ты бағдарға ұстағанынан, яғни батыстың мемлекеттік моделін негізге алғанынан және көршілес Еуропа мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынасты орнатуды көздеуінен шығады.
Дәстүрлі жазу графикасын жаңа әліпбиге ауыстыруға саяси факторлар басым себеп болды. Мұның дәлелі ретінде профессор Ертем Рейкін «Біз тек әліпбиде ғана араб дәстүрінен батыс дәстүріне өткен жоқпыз, біз бұл бағытты жүйелі ұстандық, күнтізбемізді де, уақытты өлшеуді де (сағатты), өлшем бірліктерді де, тіпті кейбір атауларды да араб үлгісінен батыс үлгісіне ауыстырдық» дейді (мысалы, түрік тілінде «мәдениет» еді, қазір «кültür»).

Түркі дүниесінен алшақта Еуропаның орта­сында отырған жаңа республиканың экономи­касының қарқындап дамуы үшін көршілес батыс елдерімен тығыз қарым-қатынас орнату үшін латын негізді жазуға көшудің маңызы зор болды. Бұл жаңа әліпбиге көшудің экономикалық жағын анықтайды.

Тілдік фактор. Әрине, қазіргі ақпараттар заманында жазу-сызу тілдің ең бір күрделі мәселесі болып саналады. Осыны сезінген түрік ғалымдары семит-хамит тобындағы араб тілінің ерекшеліктерін толық көрсете алатын араб графикалы жазудың түрік тілі дыбыстық жүйесіне икемсіз екенін, оның үстіне осы жазу тұрғанда, олар ешқашан Осман империясының реакциялық әсерлі құбылыстарынан құтыла алмайтынын сезінді. Елдегі саяси, экономикалық жағдайлардың қыспағымен аталған тілдік проблемалардың шешімі радикалды түрде жүзеге асырылып, тіптен жаңа әліпбиге көшу туралы көзқарастар жеңіп шықты.

Латын әрпіне дайындық, өту кезеңі және одан кейінгі тілдік жағдаят. Дайындық кезеңінде Ататүріктің басшылығымен 1928 жылдың 28 маусымында «Алфавит жөніндегі комиссия» құрылып, ол:

латын графикасына негізделген жаңа түрік әліпбиін қабылдайды;

жаңа грамматиканың жобасын жасайды;

осы жобаларды қолданысқа енгізу жолдарын көрсетеді.

Түркияда латын әліпбиіне өту кезеңі бар-жоғы 1 жылға ғана созылды. 1928 жылдың 1 қа­рашасында М.К.Ататүрік «Жаңа түрік әріп­те­рі­нің қабылдануы мен қолдануы туралы» Заң шы­ғарды. Бұл заң бойынша 1929 жылдан бас­тап мемлекеттік мекемелердің латын әліп­биі­не өтіп, араб графикасын қолдануына рұқсат бе­ріл­меді. 1929 жылдың 1-маусымына дейін ғана қатар қолданылып келген араб графикасына ісқағаздар жүргізуде мүлдем тыйым салынды. Латын әліпбиіне өту кезеңінде негізгі күш әкімшілік жүйеге салынғаны анықталды. Осының нәти­же­сінде жаңа әліпбиге өту кезеңі қысқа болды. Сондай-ақ Анкара қаласы муниципали­тет бас­шы­сының айтуынша, 1928 жылы Ономас­тика жө­нінде бірыңғай мемлекеттік ереже қа­был­да­нып, Стамбул, Анкара қалаларындағы маң­дай­­ша­лар, содан кейін басқа аудандар мен орта­лық­­тардағы көше, қала, алаң, ауыл аттары сол бо­йын­ша латын қаріптеріне ауыстырылды. Ол ереже бү­гінгі күнге дейін мүлтіксіз орындалып келеді.

Жоғарыда аталған комиссия түрік тілін араб-парсы сөздерінен тазарту, сонымен бірге еуропа сөздерін өз тіліне икемдеп игеру ісімен де айналысты. Олар: а) араб-парсы сөздеріне түрік тілінен балама тауып, бекітті;

ә) Еуропа елдерінің тілінен келген сөздердің өзгеріссіз қолдануына тосқауыл болды, ол үшін енген сөздерге түрік тілінен балама тауып бекітті не шет тілді сөздерді өз тілдерінің дыбыстық заңдылықтарына қарай икемдеп, тұрпатын түркілендіріп, өзгертіп отырды;

б) осы сөздердің барлығын және оларды игеруге қатысты ережелер дайындап, сөздіктер жасады.

«Түрік тілі құрамының» қазіргі төрағасы Шүкру Халық Акалиннің саралауынша, «араб графикасын пайдаланған Осман империясы тұсында түрік халқының сауаттылығы 10 пайыз­ды ғана құрайтын, ал латын әліпбиіне өту кезеңі аяқталғаннан кейінгі сауаттылық деңгей 60 пайызға өсті. Себебі жаңа әліпбиге үйретуді көздеген ең алғашқы ұлттық мектептер мен курс­тар ашылды. Ол кезде Түркия халқының саны 15 млн. болды, 1 жылда осы курстардан 3 млн. адам диплом алып шығатын, курстар 3-4 жыл бойы жұмыс жасады, сонда осы мерзімнің ішінде 10-12 млн. адам сауат ашып шықты. Қазіргі кезде Түркия халқының 90 пайызы сауатты. Ал қалған 10 пайызының көп бөлігін ауылды жерлерде діни наным-сенімдерімен оқымай қалған қыз балалар құрайды».

Қазіргі түрік тілінің латын әліпбиіне не­гізделген жазуының артықшылығын түрік ғалымдары былай деп көрсетеді:

1) әрбір әріп бөлек-бөлек таңбаланады, ал араб жазуында бірге жазылады;

2) әлемнің көп бөлігіндегі дәстүрге сәйкес латын жазуы солдан оңға қарай жазылады, ал араб жазуында оңнан солға жазылатын;

3) латын графикасы түрік тілінің дыбыстық қорындағы негізгі дыбыстарды белгілейді, ал араб графикалы жазу түрік тілінде жоқ, бірақ араб-парсы сөздеріндегі бөтен дыбыстарды да таңбалайтын;

4) латын графикасына көшкен кезде түркі тілдес басқа халықтар да латын әліпбиін қабылдаған болатын, сондықтан түркі әлеміне ортақ жазу ортақ ақпарат алмасуға қолайлы болды;

5) экономикасының батыстық даму бағыты­на латын графикалы жазу тиімді болды;

6) латын графикалы жазу-сызу сауат ашушылар үшін әріп саны аз болуына байланысты ыңғайлы келді.

Түрік жазу-сызуы үшін қазіргі түрік тілінің латын әліпбиінің кемшіліктерін түрік ғалымдары былай деп көрсетті:

1. Жаңа әліпби жасалған тұста түрік әдеби тілінің жалпыхалықтық негізде қалыптас­пағандығы мен түрік тілінің негізгі дыбыстық қорының толықтай айқындалмағандығы салдарынан қазіргі графикада жалпыхалықтық тілдің дыбыстық қорындағы үш негізгі дыбыс­ты таңбалайтын әріптер әліпби жүйесіне енбей қалғандығы. Олар: Q [Қ], W [дауыссызУ], Ŋ [Ң];

2. Араб графикасына негізделген сан ғасыр­лық мұралардың барлығын толықтай халық пайдалана алмайды.

Түркияда жаңа әліпби жобасын енгізудің жетістіктері ретінде әкімшілік жүйенің белсенді жұмысын айтуға болады. Себебі М.К.Ататүріктің саясатымен негізгі күш осы әлеуметтік топқа түсті. 1928 жылдың орта шенінде қабылданған заң бойынша барлық ісқағаздар мен әкімшілік мекемелер 5 айдың ішінде латын графикалы жазуға көшті. Кемшіліктері ретінде, ғалымдардың пікірі бойынша халықтың талқысына салынбай, психологиялық дайындыққа аз уақыт беріп, бірден жаңа жазуды енгізіп жібергенінде деп есептейді. Дегенмен, бұны өздері заман өткеннен кейін кемшіліктен гөрі көреген саясат жетістігі деп бағалайды. Сонымен бірге дәстүрлі діні исламның канондарының бірі ретіндегі араб жазуынан латынға ауысу көп халықтың наразылығын тудырды.

Жаңа жобаны таңдаудың негізгі критерийлеріне түрік ғалымдары, ең алдымен, оның

– түрік тілінің Стамбул диалектісінің дыбыстық жүйесіне негізделуін;

– араб-парсы тілдерінің дыбыстарын белгілейтін әріптердің болмауын;

– әрбір бөлек дыбысқа бір таңба болуын;

– латын әліпбиі жүйесіндегі негізгі таңбалардан тыс әріп болмауын;

– тіл жүйесіндегі ерекше дыбысқа латын қорының графемалары жеткіліксіз болғанда, негізгі латын графемаларына қосымша белгі қою арқылы түрік графемасын жасауды;

– жазуға оңтайлылық принципіне жауап беруін алға тартты.

Түрік жазуының латын графикасына көшу тәжірибесін қорыту.

1 факт. Негізгі күшті әкімшілік жүйеге салу арқылы мемлекеттік басқару саласы мен ісқағаздар жүргізу жаңа әліпбиге қысқа мерзімде көшірілді (1928 жылдың маусымы — қарашасы).

Түйін. Қазіргі Қазақстанның мультимәдени қоғамының әрбір әлеуметтік, конфессиялық, ұлттық және т.б. ерекше топ өкілдерінің арасынан осы процеске қатысты пікір қайшылығы шығып, талас-тартыс, талқының соңы қайтымсыз процестерге әкелу қаупінің алдын алу үшін, түріктердің ұзаққа созбай, жаңа жазуға бірден көшіру тактикасы тиімді.

2 факт. М.К.Ататүріктің табандылығы мен өзінің белсене кірісуі халықтың жаңа жазудың болашағына деген сенімін күшейтіп, рухтануына түрткі болды (М.К.Ататүрік Стамбулдағы Халық паркіне үлкен қара тақта қойдырып, халықты латын қарпімен жазуға үйретті).

Түйін. Қазақстан үшін ұлттық сананың көтерілуі, патриоттық сезімнің артуын жаңа жазу жүйесіне өту процесімен байланыстыру жазу реформасының жеңіл өтуіне сеп болады.

3 факт. Жаңа әліпби негізіндегі түрік жазуы кірме сөздерді игерудің күшті механизмінің негізіне айналды. Ұлттық тілге қызмет ететін жазу жүйесі қалыптасты (шет тілінен енген сөздер түрік айтылымы бойын­ша жазылады).

Түйін. Қазіргі қазақ тілінің қосамжар орфографиясы мен орфоэпиясының проб­лемасын шешіп, ұлттық сипаттағы жазу жүйесін қалыптастыруда қажетті тәжірибе.

4 факт. Жаңа әліпбиге үйрету арқылы халықты жалпы сауаттандыру проблемасы шешілді (түріктердің сауаттылығы Осман империясы кезеңінде жаңа жазуға өткенге дейін 10 пайызды, латынға өткеннен кейін 63 пайызды құрады).

Түйін. Латын графикасы негізді жазуға оқытуды міндеттеу арқылы Қазақстандағы орыстілді халықты, соның ішінде мемлекеттік тілді білмейтін өзге ұлт өкілдері мен қазақтардың өздерін де қазақ тілінде жазу-сызумен қатар сөйлеуге біршама үйретіп алуға болады.

Әзірбайжан. Баку қаласындағы ғалымдармен кездесу барысында анықталған ақпараттар бойынша Әзірбайжанда латын графикасына көшуге саяси, экономикалық, мәдени, лингвистикалық, қоғамдық-әлеуметтік түрткіжайттар себеп болды. Осы аталғандардың ішінде алғашқысы саяси, одан кейінгі кезектегісі экономикалық, тілдік түрткіжайттар болған.

1991 жылы 25 желтоқсанда Әзірбайжан Республикасының Президенті А.Муталибов «Латын графикасы негізіндегі әзірбайжан әліпбиін қалпына келтіру туралы» заңға қол қояды. Бұл заң бойынша Әзірбайжанда 1940 жылға дейін қолданылған 32 әріптен тұратын латын графикасындағы әліпби азын-аулақ өзгерістермен қалпына келтірілу ұйғарылды. Бұл шаралар Кеңес үкіметі құлағаннан кейінгі кеңістіктегі түркі мемлекеттерінің егемендік алуымен байланысты ұлттық сананың көтерілуімен, өз рәміздерін, ұлттық нақышын белгілеу процесінің жемісі болды. Оның үстіне Әзірбайжан елі шекаралас жатқан бауырлас Түркия мемлекетімен тығыз мәдени қарым-қатынасы да осы процестің Әзірбайжанда бірінші болып бас­талуына себепші болды. Әзірбайжан зиялылары елде ХХ ғасырдың 90 жылдары үлкен отаншылдық серпіліс, ұлттық сананың асқақтап көтерілген кезеңі болды дейді. Осы аталғандар графика реформасына себеп болған саяси түрткіжайттарға жатады.

«Әзірбайжан тілінің кирилл әліпбиі негізіндегі жазудың екіжақты болғаны жазудағы дағдарысқа әкелді» дейді әзірбайжан ғалымдары. Себебі орыс тілінен енген сөздерді өзгеріссіз жазуға арнайы жасалған кирилл графикасы олардың тұрпатын өзгертуге мүмкіндік берген жоқ. Сонымен бірге моноконфессиялық (мұсылман діні) әзірбайжан үшін кирилл жазуы әр уақытта да діни жаттығымен көрініп тұрды. Осы аталғандар лингвистикалық факторды білдіреді.

Одан кейінгі кезекте мәдени-әлеуметтік түрткіжайттар орын алды:

1) бірінші кезекте ұлттық сананың көтерілуімен болған елдегі ұлттық отаншылдықтың серпілісіне жауап беретін нақты шаралар керек болды, ұлттық жазуға негізделген графика талап етілді;

2) көршілес мемлекет Түркиямен теледидар, сауда, БАҚ құралдары арқылы да кеңінен тарап, орныққан мәдени қарым-қатынас нәтижесінде осы аяда қолайлы болатын жазуды талап етті.

Латын қарпіне өткенге дейінгі жағдаят: 1) посткеңестік дағдарыс кезеңінде елде көптеген саяси ағымдар мен діни секталар көбейіп, ұлттық отаншылдық сезімінің көтерілу процесімен қатар үлкен саяси пікірталас, тартыс кезеңі қатар жүрді. Осындай жағдайда ұлттың басын біріктіретін шаралар қолға алыну керек болды. Оның бірден-бір амалы мемлекеттік тілді барлық мемлекет тұрғындарының мүддесіне қызмет еткізу болды. Ал орыс жазуына негізделген кирилл графикасы тілдің осындай қызметіне жауап бере алмады;

2) халық арасында латын жазуымен өркендеп өсіп жатқан Түрік мемлекетінің мәдениетіне, экономикасының дамуына бет бұру керек деген сияқты көзқарастар күшейді;

3) орыс графикасына негізделген кирилл жазуы діни жағынан біртекті мұсылман болып келетін әзірбайжан халқы үшін православие дініне қызмет ететін жазу деген сипатынан ажырамады;

4) Әзірбайжан тілінің өз ішінде де диалектілік тармақтар мен айырмашылығы бір-бірінен алшақ сөйленістердің болуы жалпыға ортақ басым әдеби тілдің қалыптасуына кедергі жасады. Ал бұл өз кезегінде жазуды реформалау үшін қажетті алғышарттың бірі еді;

5) Еуропа елдерінің даму қарқынына ілесуді көздеген мемлекеттік саясат үшін тоталитарлық жүйенің бодан елі психология­сынан құтылудың бірден бір жолы өз атрибутикасы мен рәміздерін белгілеу болып табылды;
6) Әзірбайжан тілінің 1940 жылдарға дейін қолданған әліпбиіне қайта оралу проб­лемасы көтерілді;

7) елде орыс тілінің беделі күрт төменде­ді, мұның себебі Әзірбайжан халқының ең көп пайызын әзірбайжантілділер құрады. Мемлекеттің құрамында титулдық ұлттың пайызы үстем болғандықтан, басқа ұлт өкілдерінің арасында да мемлекеттік тілді білмейтіндер аз болды;

8) ұлттық мүддені көздейтін «Народный фронт» («Халық майданы») атты саяси басым күштердің ұйымы белсенділік танытып, қоғамдық өмірдің өзгерістеріне қатысып отырды.

Латын әрпіне дайындық, өту кезеңі және одан кейінгі жағдаят. Латын графикасындағы әліпби азын-аулақ өзгерістермен қалпына келтірілген (1991) кезеңнен бастап латын қарпіне өтуге дайындық жүргізілді. Біртіндеп елдің білім беру және басқару жүйелері қатар өтті.

Әзірбайжан ғалымдарының айтуынша, 1991 жылы Әзірбайжанда түрік тілінің нұсқасындағы әліпби қабылданды; алғашқы заң қабылданғаннан кейін ел ішінде осы мәселеге қатысты әртүрлі көзқарастар болды; осыны ұзаққа созып, аяғын ушықтырып жібермес үшін Үкімет қатаң қадағалау саясатын ұстанды; артық-ауыс пікір білдіруге теріс қарады, тіпті агрессиялық қатаңдықпен барлық қарсылықтарды ­тыйып отыруды ұстанды, осының нәтижесінде негативті жайттар көп орын алған жоқ; елдің беті бірден бері қарады; біржақтылықты ұстанған саясат өз жемісін берді; қазіргі кезде Әзірбайжанда латын графикасына өту процесі аяқталды, осы кезеңге дейін аталған мәселе бойынша айтарлықтай наразылық болған жоқ.
1991-2001 жылдар аралығында мынадай шаралар жүзеге асырылды:

– ең бірінші орта білім беретін мектептің бірінші сыныбы мен басқа сыныптары латын графикасында білім алды;

– 5-6 жылдың ішінде барлық ісқағаздары кезеңімен жаңа қаріпке көшірілді;

– осы аралықта барлық мемлекеттік мекемелер латын жазуына көшірілді;

– соңында барлық БАҚ латын әліпбиіне көшірілді.

Сөйтіп, өту кезеңінің соңында ӘР Президенті Г.Әлиев 2001 жылдың 18 маусымында «Мемлекеттік әзірбайжан тілін қолдануды жетілдіру туралы» Жарлық шығарады. Процестің аяқталғанының белгісі ретінде Республика Президентінің 2001 жылдың 9 тамызындағы «Әзірбайжан тілі мен әзірбайжан әліпбиінің күнін өткізу туралы» Жарлық қабылдады.

Латын әліпбиі негізіндегі жазудың алдыңғы жазуға қарағанда артықшылықтары мен кемшіліктері мәселесінде артықшы­лықтарына алдымен толталайық. Әзірбай­жан жазу-сызуы үшін қазіргі әзірбайжан тілінің латын әліпбиі мен оған көшу кезеңі­нің артықшылығын ғалымдары былай деп көрсетті:

1) латын графикасы әзірбайжан тілінің дыбыстық қорындағы фонемаларды бел­гілейді, ал орыс графикалы жазу әзірбай­жан тілінде жоқ, бірақ орыс тілінен келген сөздеріндегі бөтен фонемаларды да таңбалайтын;

2) латын графикасына көшкен кезде түркітілдес басқа халықтар да латын әліпбиін қабылдаған болатын, сондықтан түркі әлеміне ортақ жазу ортақ ақпарат алмасуға қолайлы болды;

3) графемалық жүйесі ықшам әрі қолайлы болғандықтан, әзірбайжан тілінен сауат ашу процесі жеңілдеді.

4) жастар мен сауда адамдары латын қаріпін тез үйреніп алып, оның таралуын қолдап отырды;

5) көршілес мемлекет Түркияның ресми әрі коммерциялық телеарналары Әзірбай­жанда еркін көрсетілетіндіктен, латын гра­фи­касы негізіндегі бейнеақпарат легі әліп­бидің игеріліп, қолданылуына оң әсерін тигізді;

Әзірбайжан жазу-сызуы үшін латын әліпбиіне көшудің кемшіліктерін әзірбайжан ғалымдары былай деп көрсетті:

1) мектептер латын қарпіне көшірілген алғашқы жылдары оларды оқытатын бас­тауыш сынып мұғалімдерін дайындау ісі бірден алға баса алмады, мұғалім тапшы болды. Кирилл графикасында білім алған мұғалімдер үшін латын әліпбиін оқып-үйрену қиынға соқты;

2) балаларға арналған латын қарпіндегі әдебиеттер тапшы болды;

3) ересектерге арналған латын жазуын оқытатын курстардың аздығынан ұрпақ арасындағы түсіністік қиындап қалды;

4) кирилл графикасына негізделген бір ғасырлық мұралардың барлығын толықтай халық пайдалана алмады.

Әзірбайжан тілінің латын графикасындағы жаңа әліпбиінде 32 графема, бір апостроф таңбасы бар, ол ұлт тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкес деп анықталады. Графемалар тұрпатына келгенде, көзшалымдық жағынан жағымды болу принципі басым түсіп, жіңішке А дауыстысын бейнелейтін латын жүйесінен тыс Ә графемасы қабылданды. Бұл – А графемасының үстінен диакри­ти­калық белгілерді қоюдан бастартудың салдары. Бұны әзірбайжан ғалымдары Ә фонемасының сөздің барлық буын­дарында қолданылып, жиілігінің көптігімен түсіндіреді, егер аталмыш әріп диакритикалық таңбамен берілсе, сөздің графикалық тұрпатында көзшалымға қолайсыз қосалқы таңбалар көбейіп, жазу жылдамдығына нұқсан келеді деп түсіндірді тілтанушы әзірбайжандық ғалымдар.

Әзірбайжанда жаңа әліпби жобасын енгізудің жетістіктері:

– үкімет тарапынан елдегі осы мәселеге қатысты реакциялық топтардың әрекеттерін қатаң тыйып отыруы;

– мектепті көшіргенде алдымен мектеп мұғалімдерін дайындауға ден қойылған, ол үшін мұғалімдердің біліктілігін арттыру мекемелері латын қарпін оқытумен айналысқан;

– ересектерге білім беретін курстар ашылып, оларды тәмамдаған азаматтарға латын графикасы негізінде мемлекеттік тілдің курсын бітіргені туралы сертификат тапсырылды;

– кирилл графикасындағы әзірбайжан мәдени мұрасының латын графикасына көшірілетін еңбектердің алғашқы тізімі жасалып, олар алғашқыда тегін таратылды;

– жоғары оқу орындары филология факультеттеріне «әзірбайжан графикасы тарихы» пәні енгізілді.

Кемшіліктері: – ересектерді оқытатын курстардың жеткіліксіздігінен жасы алпыс­тан асқандар мен зейнеттегі азаматтар латын қаріпімен жазуды меңгермей қалды;

– әсіресе техника саласындағы оқулықтар мен ғылыми әдебиет латынға бірден көшірілмегендіктен, осы сала мамандарына қиынға соқты;

– қабылданған әліпбидің жетілдірілмеген тұстары болғандықтан, қате көп болды, әзірбайжан жазба тіл мәдениетінде біраз дағдарыс болды.
Жаңа жобаны таңдаудың негізгі критерийлеріне әзірбайжан ғалымдары ең алдымен оның:

– әзірбайжан тілінің дыбыстық қорына негізделуін;

– әзірбайжан тілінің Баку диалектісінің дыбыстық жүйесіне негізделуін;

– көзшалымға оңтайлы болуын (мәселен жіңішке [ә] фонемасын (негізгі дыбысын) А әрпінің үстінен екі ноқат қойып жазудан қашып, латын жүйесінен тыс Ә графемасы, яғни кирилл әліпбиінің әрпі осы үшін алынған). Егер өйтпегенде әзірбайжан тілінде қолданылу жиілігі жоғары [ә] дыбысын А-ның үстіне екі ноқат қойып жазылған мәтінде ұсақ әріпүсті таңбалары жыпырлап, мәтін оқу (көзшалым) үшін де, жазу (қолтаным) үшін де қиындап кетер еді деп көрсетті тілтанушы мамандар);

– әрбір бөлек фонемаға бір таңба, оның ішінде орыс тілінен енген сөздердің құрамындағы кейбір фонемаларға жеке таңба алынуын (мәселен, К фонемасы – комсомол);

– тілдің барлық дыбыстық қорын бейнелей алмай жатқан жағдайда латын әліпбиі жүйесіндегі негізгі таңбалардан тыс та таңба алынуын;

– тілдің жүйесіндегі спецификалық дыбысқа латын қорының графемалары жеткіліксіз болғанда, негізгі латын графемаларына қосымша белгі қою арқылы әзірбайжан графемасын жасауды;

– жазуға оңтайлылық принципіне жауап беруін алға тартты.

Латын графикасы әзірбайжан ұлттық тілінің дамуына қалай әсер етті. Ең алдымен латын графикалы әзірбайжан жазуы, ғалымдардың пікірінше, орыс, еуропа тілдерінен енген кірме сөздердің айтылу нақышының әзірбайжаншалануына, сонымен бірге халықтық тілдің жазба әдеби тіл мәдениетінің дамуына зор себеп болып, жазудың ұлттық тіл мүддесіне қызмет етуіне жол ашты.

Әзірбайжан жазуының латын графикасына көшу тәжірибесін қорытатын болса, мына фактілер айқындалады:

1 факт. Әзірбайжан тілінің дыбыстық жүйесіне негізделген латын графикасындағы жазу кирилл әліпбиінде қалыптасқан қосамжар орфографиядан арылудың жолына айналды.

Түйін. Қазіргі қазақ орфографиясындағы дәл осы проблеманы түбегейлі реформа жасау, яғни әліпби алмастыру арқылы ғана шешуге болатыны айқын.

2 факт. Түркі дүниесіне ортақ жаңа әліпби негізінде бауырлас елдермен, әсіресе көршілес Түркиямен мәдени қатынастарды жақсарту көзделді;

Түйін. Қазақ халқында бауырлас елдермен ортақ түркілік бірегейлік (идентичность) төмендеп кетті, түркі дүниесіне ортақтанып келе жатқан латын графикасы негізіндегі жаңа жазу оны жаңғыртуға септігін тигізері сөзсіз.

3 факт. Жаңа графика тоталитарлық жүйенің боданынан босаған жаңа мемлекетте ұлттық сананың көтерілу, өз рәміздерін, ұлттық нақышын белгілеу процесінің жемісі ретінде қаралып, әртүрлі саяси қарсы топтар тарапынан болған қарсылықтар мемлекеттің қатаң саясаты арқылы тойтарылып отырды.

Түйін. Қазақстанда жаңа әліпби отаншылдықтың бір белгісі ретінде танылып, оның бекуіне қарсылардың барлығына тойтарыс беретін мықты қоғамдық-әлеуметтік күш қалыптастыру керек.

4 факт. Ұлттық тілдің ерекшелігіне негізделген жаңа жазу республикада әзірбайжан тіліндегі монотілдік жағдаяттың (ситуация) қалыптасу процесін үдете түсті. Қазіргі кезде елде мемлекеттік тіл элитарлық тіл саналады.

Түйін. Жаңа әліпбимен сауаттандыру процесі мемлекет құрушы ұлттың тілін элитарлық тілге айналдыруға жұмыс істеу керек.

Өзбекстан. Өзбек тілінің латын графикасы негізіндегі жазуға көшуінің себептері:

1. Бірінші кезекте ұлттық сананың көтерілуімен болған елдегі ұлттық отаншылдықтың серпілісіне жауап беретін нақты шаралар керек болды, ұлттық жазуға негізделген графика талап етілді.

2. Әлемдік сауда, экономикалық қатынастар үшін латын графикалы жазудың тиімді болғаны алға тартылды.

3. Дүниежүзі бойынша ақпарат алмасудың негізгі құралы латын қаріптері негізінде ұлттық жазу әліпбиін жасау қазіргі ақпарат заманының талабы болды. Сөйтіп, Өзбекстан үшін латын графикалы жазуға көшудің ең басты себебі саяси және экономикалық түркіжайттардан келіп туындады.

Әрине, тіл проблемасы да өзекті болды. Өзбек тілінің ұлттық сипатын бейнелейтін жазу керек болды, өйткені о баста кирилл жазуы кеңестік өкімет тарапынан күштеп енгізілген графика болғандықтан, өзбек тілінің дыбыстық жүйесінің ұлттық арнада дамуына мүмкіндік тудырмады.

Латын әрпіне дайындық, өту кезеңі және одан кейінгі тілдік жағдаят. Дайындық кезеңі. 1989 жылы 21 қазанда «Өзбекстан Республикасының мемлекеттік тіл туралы» заң қабылданып, өзбек тіліне мемлекеттік мәртебе берілді.

1993 жылы 2 қыркүйекте Өзбекстан Рес­пубикасы «Латын графикасы негізіндегі өзбек әліпбиін енгізу туралы» заң қабылдады. Бұл заңға сәйкес 26 әріп, үш әріптік тіркестен тұратын графемалар жүйесі қабылданды. 1994 жылдың 16 маусымында осы заңды жүзеге асырушы мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Осы бағдарлама бойын­ша орта және жоғары білім беретін мекемелерде өзбек тілі мен әдебиетінің оқулықтарын, өзбек тілінің сөздіктерін жасау жоспарланды.

Өзбекстан Республикасы мәжілісінің 1995 жылы 21 желтоқсанда қабылдаған «Мемлекеттік тіл туралы Өзбекстан Республикасының заңын жүзеге асыру тәртібіне қатысты» жарлығы бойынша Өзбекстан республикасының латын жазуына көшуінің соңғы кезеңі болып 2005 жылдың

1 қыркүйегі қабылданды.

Аталған 1993 жылдан бастап латын қарпіне өту жүргізілді. Біртіндеп елдің білім беру және басқару жүйелері қатар өтті.

1993-2007 жылдар аралығында мынадай шаралар жүзеге асырылды:

– орта білім беретін мектептің бірінші сыныбы мен басқа сыныптары латын графикасында білім алды;

– осы жылдар ішінде мемлекеттік ісқағаздарының бір бөлігі жаңа қаріпке көшірілді;

– барлық мемлекеттік мекемелер атау­лары мен маңдайшалардағы жазу латын әрпіне көшірілді;

– ресми БАҚ латын әліпбиіне көшірілді;

– жекеменшік мекемелердегі ісқағаздар толық көшкен жоқ;

– орыс және қазақ мектептерінде кирилл жазуымен білім беріледі.

– осы кезеңде өзбек тілінің 4 томдық академиялық сипаттағы түсіндірме сөздігі де құрылып аяқталып қалды.

–Министрлер кабинетінің «Мемлекеттік тіл туралы» заңды жүзеге асырушы мемлекеттік бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар туралы 1996 жылдың 10 қыркүйектегі жарлығы бойынша «O’zbegim dasturlari» электрондық баспалар редакциясымен тіл мамандары біріге отырып, 120 мың сөзді қамтитын «Іbora» атты өзбекше-орысша-ағылшынша электрондық сөздік құрастырылды. Бұл сөздік көпшілікқолдылығымен, толықтығымен ерекшеленеді, мұнда сөздер тек кирилл емес, сондай-ақ латын әліпбиімен де берілген.

Дегенмен, Өзбекстанда латын графикасына өту кезеңі әлі де толық аяқталмаған соң, көшудің кезеңін мемлекет 2010 жылға дейін созуды бекітті.

Өзбек жазу-сызуы үшін қазіргі өзбек тілінің латын әліпбиі мен оған көшу кезеңінің артықшылығын ғалымдар былай деп көрсетті:

1) латын графикасы өзбек тілінің дыбыстық қорындағы фонемаларды белгілеуге негізделген, ал орыс графикалы кирилл жазуы орыс тілі сөздеріндегі бөтен фонемаларды да таңбалайтын;

2) латын графикасына көшкен кезде түркітілдес басқа халықтар да латын әліпбиін қабылдаған болатын, сондықтан түркі әлеміне ортақ жазу ақпарат алмасуға қолайлы болды;

3) экономикасының батыстық даму бағытына латын графикалы жазу толық жауап берді;

4) жастар мен сауда адамдары латын қаріпін тез үйреніп алып, оның таралуын қолдап отырды.

Өзбек жазу-сызуы үшін латын әліпбиіне көшудің кемшіліктерін өзбек ғалымдары былай деп көрсетті:

1) ең алдымен мектептер латын әрпіне көшірілгендіктен, оларды оқытатын мұғалімдерді дайындау ісі жолға қойылмады; кирилл графикасында білім алған мұғалімдер үшін латын әліпбиін оқып-үйрену қиынға соғып отыр;

2) балаларға арналған латын қарпіндегі әдебиеттер тапшы болып отыр.

3) өзбек әдеби тілі гетерогендік (көпнегізді) сипатта болуы себепті онда жалпыхалықтық тілдегі дыбыстар мен жазба тілдегі ескі түркі тілінің, сондай-ақ жазба тіл арқылы қалыптасқан араб-парсы сөздеріндегі фонемалары араласып жазуда таңбаланып келді. Жаңа әліпбиге көшу кезеңінде ғылымда олардың арақатынасы жеткілікті анықталмағандықтан, қазіргі графикасында бір таңбамен әртүрлі фонемалық статустағы дыбыстар белгіленіп жүр; бұл жаңа жазуда көрініс беріп, оның халық арасында бірден түсінікті болып кетуіне кедергі келтірді;

4) өзбек тілінің жаңа әліпби жобасын жасауда тілші ғалымдар пікірлері тыңдалып, оны қабылдау кезінде интернетке икемдеуді жөн көрген компьютерлік техника саласы мамандарының ұсыныстары басымдық алып кеткен; қазіргі кезде өзбек әліпбиі интернет желісіне икемді болғанымен, ұлттық тілдің мүддесінен шықпай отыр деген көзқарастар басым айтылып жүр;

5) жаңа латын графикасында алынған 3 әріптік тіркес бір сөздер құрамында бір дыбыс ретінде оқылса, келесі бір сөздерде екі дыбыс түрінде оқылып, жазуда ережелермен де реттеле алмайтын келеңсіздіктер, екіұшты оқылулар пайда болған; бұның бәрі өзбек жазуының мағынаны дұрыс жеткізу сипатына нұқсан келтіріп, жазба тіл беделін төмендеткен.
Жаңа әліпби жобасының лингвистикалық негіздеріне интернет жүйесіндегі ақпараттар тасушы таңба талаптарына сәйкестік принципі алынды. Бұл принциппен қатар өзбек тілінің дыбыстық қорын толықтай белгілеу жағы да алынды, яғни жаңа латын әліпбиі ұлттық тілдің мүддесін көздейтін жазуды қамтамасыз ету керек болатын. Дегенмен, өзбек әдеби тілінің гетерогендік ­сипатына байланысты жалпыхалықтық тілдің дыбыстық қорындағы барлық фонемалар, сонымен бірге орыс тілінің әсерімен енген сөздер құрамындағы орыс фонемаларының сөзіндегі <о>, ескі жазба тілден енген сөздердің құрамында сақталып қалған араб-парсы фонемаларының қайсысын графемалық жүйеде көрсету керек деген проблема әлі күнге дейін талас тудырып келеді.

Сонымен бірге бір дыбысқа бір графема принципі толық сақталмады. Әріп тіркестері алынып, бір дыбысқа екі әріп принципі қоса жүрді. Әйтсе де мұндай тіркестер құрамындағы әріптер жеке тұрғанда да толық мағынасы, яғни белгілейтін жеке дыбысы болғандықтан, екі түрлі оқылды. Мысалы, Ishak – 1) Исхак; 2) Ишак. Мұндай әріптік тіркестерді алуға интернет жүйесінде таңбаға қойылатын талаптарға икемді болу принципі негіз болды.

Өзбек тілінің латын графикасындағы жаңа әліпбинде 26 графема 3 әріптік тіркес, бір апостроф таңбасы бар.

Өзбек тілінің латын графикасына көшу тәжірибесін қорыту.

1 факт. Өзбек тілінің дыбыстық жүйесіне негізделген латын графикасындағы жазу кирилл әліпбиінде қалыптасқан қосамжар орфографиядан арылудың жолына айналды;

Түйін. Қазіргі қазақ орфографиясындағы дәл осы проблеманы реформаны түбегейлі жасау, яғни әліпби алмастыру арқылы ғана шешуге болатыны айқын.

2 факт. Жаңа әліпби өзбек жазба тілінің жүйеленуіне, оның мәдениетінің дамуына әсерін тигізді.

Түйін. Жаңа жазу жүйесін қабылдау үшін ғылыми зерттеулер жүргізу қажеттілігі туындап, қазақ тіл білімінің фонетика, фонология, граммотология салалары бойынша білімнің жүйеленуіне әкеледі.

3 факт. Жазу реформасын жүзеге асырушы құзырлы орындар құрамына өзбек тіл білімінің фонетика, фонология, граммотология саласындағы лингвист мамандардың аз тартылып, олардың пікірі негізге алынбады.

Түйін. Тілге қатысты мәселеде шешуші сөзді осы салада біліктілігі жоғары мамандар айту керектігін Өзбекстанның осы тәжірибесі дәлелдеп отыр.

4 факт. Жаңа әліпби жобасы Интернет желісіне қолайлы болу керек деген принцип басым түсіп кеткен. Кейбір дыбыстарды қосалқы таңбалармен бірге қолданылатын бір әріппен белгілеуден қашып (интернет үшін қолайсыз болғандықтан), бір дыбысты екі әріптің тіркесімен таңбалаған.

Түйін. Қандай жазу болмасын ең алдымен сол тілдің ұлттық сипатын сақтауға қызмет етіп, оның еркін дамуына, сыртқы әсерді өзінше игеріп алу қабілетіне қызмет ету керектігі ескерілмеген жағдайда, ол жазудың қолайлы болуы екіталай.

5 факт. Өзбек тілінің жаңа әліпбиіндегі графемалар жүйесі гетерогендік сипат­тағы әдеби тілдің дыбыстық қорына негізделгендіктен, бір әріп бірнеше фонеманың репрезентанты болып қабыл­данған. Жалпыхалықтық тіл элементтері өзбек фонетикасында басым емес, сондықтан халықтың сауат ашу ісін жаңа әліпби біраз қиындыққа соқтырды.

Түйін. А.Байтұрсынұлы төте жазуға көшіру реформасы кезінде қазақ жазуын жалпыхалықтық тілге негіздеп бергендіктен, қазіргі қазақ тілінің әдеби тілінде ескі кітабы элементтер басым емес, фонетикалық жүйесі біртекті жалпыхалықтық элементтер негізіне құрылған, сондықтан графика алмастыру мәселесінде өзбек тіліндегідей қиындықтар болмайды.
Қорытынды. Графика ауыстыру, жазу реформасын жүргізу ісінде әр елдің осыған себеп болған түрткіжайттары, тілдерінің даму деңгейі, шараларды жүзеге асыру кезеңдері, әріп таңдау принципі әртүрлі. Сондықтан басқа елдің оң тәжірибесін өзгеріссіз қабылдай салуға немесе теріс тәжірибесін талдаусыз жоққа шығаруға болмайды. Ең басты мақсат өз еліміздегі жағдайды талдап, тілдің мұқтажын, халықтың қалауын, қазақ тілінің ұлттық тіл ретіндегі, сондай-ақ адамзат мәдениетіндегі ерекше феномен ретіндегі сақталуы мен болашақтағы дамуына мүмкіндік туғызуды бірінші кезекте ойлау керек.

Анар Фазылжанова,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

директорының орынбасары,

филология ғылымдарының кандидаты


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


10/05/2018 10:21

АҚПАРАТТЫҚ ХАТ
0 40 0

05/04/2018 11:13

Кемел әліппе жобасы
0 193 0