Ең алдымен кейбіреулер тарапынан қазақ халқын алға жетелейтін ерекше күш болып табылады деп бағаланып отырған латын жазуы қандай жазу, қалай қалыптасты сол туралы тоқталайық. Кез-келген дереккөздерінен бұл жазу туралы мынадай мәлімет аласыз: жазу түрі – консонантно-вокалды; қолданатын елдер – алғаш латын тілі; батыс және Орталық Еуропа елдері, Азияның кейбір елдері – Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркменстан, Индонезия, Малайзия, Филиппин, Африка құрлығындағы көпшілік тілдер, Америка, Австралия халықтары. Қытай Халық Республикасының Гуанси-Чжуан автономды айма-ғында (16 млн. адам), және қытай тәжіктері (нақтырақ: памир халықтары – шугнан, вахан және сарыкол), Ташқорған аумағында және мяо, наси, ицзу сияқты аз санды халықтардың қолданысында. Шыққан жері – Көне Рим. Шығу уақыты біздің дәуірімізге дейінгі 700 жылдары. Жазу солдан оңға қарай жазылады. 26 таңба бар. Жазудың бастауы: ханааней жазуы – финикий жазуы – грек жазуы – этрусс жазуы – латын жазуы. Қазіргі таңда дүние жүзі бойынша ең көп таралған жазу түрі. Жер шарының 40 пайыздан астам елдері осы жазуды қолданады. Грек жазуы мен латын жазуының аралығында зерттеуші ғалымдар этрусс  жазуы болғандығын нақтылаған. Дегенмен, Кіші Азиядан Еуропаға, нақтырақ, Италияға қоныс аударған бұл халық туралы деректер тым аз. Біздің эрамызға дейінгі 8 ғасырдан 6 ғасырға дейінгі уақыт аралығында олар Италияның үштен бір бөлігін қамтып, белгілі деңгейде өркениет үлгісін қалыптастырған. Латын жазуы осы этрусс жазуының негізінде дүркіреп шыққан сол кездегі жазулардың тек біреуі ғана. Оск, умбр, фалиск халықтары да этрусс жазуын негіз етіп жазуларын қалыптастырғанмен қазіргі күнге тек латын әліпбиі ғана жеткен. Осыған байланысты латын жазуының шығуы туралы екі түрлі ұстаным қатар айтылады. Бірінші – латын жазуы тікелей грек тілінен, екіншісі екі жазудың арасында аралық этрусс жазуы негізінде туындаған.

Енді елімізде дәл қазір қолданыста тұрған жазу кириллица турасында тоқталып өтейік. Жазудың аты айтып тұрғандай оны жүйеге келтірген батыс және оңтүстік славян халықтарына грек шіркеуінің  діни уағыздарын таратушы миссионер – Кирилл болып табылады. Кирилл жазуы грек жазуын үлгі ете отырып жасалған, сондай-ақ, славян халықтарының тілдік ерекшеліктерін ескере отырып, бірнеше жаңа таңбалармен толықтырылған. Алғаш бұл жазуды қолданған православ дініне кірген орыс, украин, болгар, серб, македон халықтары болды.  Кирилл көне славяндық глаголь жазудағы жан-жақтылық пен бытыраңқылықты жойып басын біріктіріп кеткен адам ретінде ғана танылады. Ескіеврей жазуының негізінде қалыптасқан глаголь жазуының фонемалық сипатын сақтап, графикалық жағынан грек жазуын алған кирилл жазуы да түрлі өзгеріске түскен. Бұл әртүрлілік  Кеңес үкіметі тұсында тұрақтанып, таралымы жағынан да бірден өседі.

Екі жазу түрі – латын да, кирилл де өте ұзақ тарихи дамудан өткен. Екеуі де түрлі варианттылыққа ұшыраған. Екі жазу үлгісі де негізінен славян халықтарының дыбыстық жүйесіне негізделіп жасалған.

Біздің эрамызға дейінгі деректер бұлдыр болғанмен, бірізділігі айқын. Оларды негізге алмасақ та, бертінгі дәуірлердегі тарихи деректер латын жазуы мен кирилл жазуы да грек жазуынан шыққандығын толық дәлелдейді.

Жалпы, адамзат ойлау дүниесінде әліпбилік режимге көшкенге дейін пиктографиялық – сурет жазу, одан келе мағыналы жазулар – логограмма яғни, идеографтар орын алады. Идеографтарды қазіргі тілімізде иероглифтер деп атау кеңінен қолданылады. Ондай мағына жазулардың отаны – Мысыр болып танылады. Мағына жазу адамзаттың ойлау дүниесінің дамығандығының көрсеткіші саналады. Сурет жазуда сілтеу, сын, есімдіктерді таңбалау мүмкін болмаса иероглифтік жазу жүйесінде мұның барлығы таңбаланатын болды. Өмірде кездесетін барлық сөзді өз мағынасын бере алатындай етіп таңбалау үшін бір тілде қаншама мыңдаған иероглифтердің болуы керектігін елестете беріңіз. Осы жүйені негіз ететін қытай, жапон, корей сияқты тілдердің өзіндік ерекшелігі осында. Бұл халықтар мағыналы  жазуды ұлтты ұйытып ұстап тұратын негізгі бірлік ретінде танитындықтан жазуын толық өзгерту туралы мәселені алға шығармайды да. Мағына жазулардың соңын ала жоғарғылардың негізінде дыбысты таңбалайтын әліпбилік режим туындады.

Жоғарыда латын жазуының шығуын ханааней жазуы → финикий жазуы → грек жазуы → этрусс жазуы → латын жазуы деп атап өткенбіз. Яғни, дыбыстық жазудың ең ұшар басында ханааней жазуы тұр. Енді осы турасында біраз танымдық дүниелерді ортаға салайық. Әліпбидің қазіргі кезеңде сан түрі ойлап шығарылып, қолданыста жүргенімен олардың барлығының түбі біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырлардағы протосемиттік (батыссемиттік деп те аталады) тілдердің таңбаларынан қалыптасқан. Бірақ көп зерттеушілер бұл таңбаларды иероглифтерге жатқызып, алфавиттік жүйені енгізген гректер деген тұжырымнан арыға барғылары жоқ. Ресейлік тарихшы, лингвист И.М.Дьяконов протосемиттік жүйені квазиалфавит, яғни, тек дауыссыз дыбыстарды таңбалайтын тілдік жүйе деп атады.

Протосемиттік жазу – оңтүстіксемиттік және солтүстіксемиттік болып бөлінеді. Оңтүстіксемиттік жазу – аравий жазуы деп те аталады. Бұл жазудың жалғыз мирасқоры Эфиопияда қолданылатын амхар жазуы болып саналады. Ал, солтүстіксемиттік жазу – қазіргі танымал әліпбилік жазулардың барлығының негізі. Біздің эрамызға дейінгі 2700 жылдары көне мысырлықтар тудырған протосемит жазуында дауыссыз дыбыстарды таңбалайтын  22 әріп және  23-шіні дауысты дыбысты беретін белгі ретінде енгізеді.

Солтүстіксемит жазуы өз ішінде ханааней және арамей болып ежелгі семиттік екі халықтың атымен аталып бөлінеді. Ханааней негізінде алдымен финикий және ескіеврей жазуы, бұлардан соңғы ханааней жазу үлгісінен бүкіл еуропалық әліпбилердің бастауы болып табылатын грек жазуы қалыптасады. Бұл жазу жүйесі 22 таңбадан құралды. Әр әріптің аты болды және әріптер сандық мағынаны да беретін болған.

Ал, арамей жазуының негізінде барлық Азия – жапон, қытай, кәріс, түркі руналары, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және араб, қазіргі еврей, деванагари (үнді елінде қолданылатын бір әліпби түрі) әліпбилері қалыптасты.

Әліпби тана ғылымында ханаанейді де, арамейді де жалпы атаумен Мысыр жазуы деп атайды. Мысыр жазуы қалыптасқан кезеңде онымен қатар логограмма сияқты өзге де мән-мағына беретін таңбалардың жарыса қолданылып келгені анық. Дыбыстық жазудың кереметі – оны ойлап шығарушылар тілдік жүйенің ең кішкентай бөлігінің, яғни, дыбыстардың қасиетін толық түсіне білуінде болып табылады. Әр дыбыстың таңбалануы сондықтан да өзінен бұрын қолданыста болған логорамма, сурет жазу, идеограммалардың барлығын ысырып шықты.

Грек жазуының семит жазуынан шығуына дәлел тағы бір дерек – дыбыстардың сыртқы таңбалануының ұқсастығымен қатар, алфавит деген сөздің негізін құрап тұрған альфа, бета, гамма, дельта деген алғашқы төрт әріп семиттік алиф, бет, гимел, далет деген әріптерінен шыққандығы анық байқалады. Мысалы алиф – бұқа, бет – үй,  гимел – түйе, далет – есік деген мағына береді. Мысырлықтар тілінде бұл аталулар белгілі бір мағына беретін болса, грек тілінде олар ешқандай мағына бермейді, тек дыбыстардың атауы ретінде ғана түсініледі. Тек дауыссыз дыбыстар ғана таңбаланатын, ал дауыстылар дәйекшелер арқылы түсінілетін мысырлық жазу үлгісіне гректер тарапынан дауысты дыбыстар таңбалары жасалды.

Жазуды ең алғаш қолдана бастаған  ханаан деген атпен белгілі ежелгі халықтың мемлекеті – Финикий болғандықтан жазу финикий жазуы деген атпен  таралып кетті. Бұл ежелгі қала тоғыз жолдың торабында орналасқан үлкен сауда орталығы болғандықтан да финикийлік жазу үлгісі өте тез уақытта жан-жаққа тарай бастайды.

Қола дәуір тұсындағы жазу жүйесіне әлі күнге дейін толық зерттеу жасалынған жоқ. Бірақ әйтеуір ол уақытта жартылай сурет, жартылай жазулық мәдениеттің орын алғаны ақиқат. Орталық Мысырдан табылған жазулы тақталар уақыты  біздің дәуірімізге дейінгі 1800 жылдарға барып тіреледі. 1800 жылдардан басталған жазуға қатысты адамзат ізденісі 1300 жылдары бірізділікке келгенге ұқсайды.

Б.з.б. 4-ші мың жылдық шамасында Ніл өзені бойына жиналған – протосемит, бербер, кушит, т.б. тайпалар өзара араласа келе мысыр халқын қалыптастырады.  Мысырдан шыққан оқымыстылар жұлдыздарды зерттеу арқылы жылды 3 маусымға (сулы-жаңбырлы, егінді, құрғақ) 12 айға бөлді. Әр айда 30 күннен болды. Ал қалған 5 күнді жылға қосты. Уақытты есептейтін құм және су сағаттарын ойлап тапты.  Әлі күнге дейін әлемнің жеті кереметі саналатын пирамидалар өте дәл геометриялық  өлшеммен салынды. Елді мекендердің алғашқы карталары мен қалалардың жоспары жасалынды. Анатомия мен хирургия жақсы дамып түрлі оталар жасалынды, мәйіттер бальзамдалып сақталынды. Бұған қоса адам емдеуде магия, сиқыршылық, кері дуалап оқу әдістері кеңінен қолданылды. Денені мумиялау, дәрі-дәрмек, түрлі-түсті бояулар жасау арқылы химия ғылымы да дами бастады. Мысыр мәдениеті ежелгі дәуірде антикалық мәдениеттің, кейіннен Еуропа және мұсылман мәдениеттерінің бастауы болды. Гректер Мысырды ежелгі данышпандар елі деп атап, оларды өздерінің ұстаздары санады.

Сондай-ақ, финикий жазуының негізінде әбджад жүйесі бойынша дыбыстарды белгілеу қалыптасты. Әбджад – араб тіліндегі әріптердің белгілі бір ретпен орналасу тәртібі. Бұл сөздің өзі алғашқы 4 әріптің аттарының қосындысы болып табылады. Бұл рет әрбір әріптің сандық мағынасына байланысты қатар құрайды. Әліп (А) – 1;  Ба (Б) – 2; Джим (ж) – 3; Дал (д) – 4 деп ары қарай кете береді. Бірлік әріптер, ондық әріптер, жүздік әріптер, мыңдық әріптер болып бөлінеді. Кез-келген санды әріптің көмегімен таңбалауға болады. Яғни араб тіліндегі әріппен таңбаланған әрбір сөздің екінші бір  сандық мәні бар болып шығады. Бұндай әрбір әріптің сандық мәнін тауып есептеуді пайғамбарлар есебі деп те атайды. Өйткені қасиетті кітап - Құран Кәрімдегі әрбір сөздің астарында орын алатын оқиғаның қай жылы қай күні қанша рет т.б. барлығын сөз таңбаланып тұрған әріптер санымен шығарып алуға болады.

Қалай болғанда да адам баласы палеолит дәуірінен мекендей бастаған Мысыр жері әлі күнге таңданарлық өркениет ордасы екені анық. Сондықтан да дыбыстық жазудың мол мүмкіндігін алғаш мысыр өркениеті қалыптастыруы заңдылық. Яғни, қай жазу үлгісі болса түп-тұқиянына баратын болсақ, бір жазудан, яғни, көне мысыр жазуынан басталады.

Тіл – жанды құбылыс. Ол пайда болады, дамиды, өледі. Соңғысы орын алмас үшін бұл құбылысты үнемі қорғап, аялап, бағалап қолдану қажет. Тіл құрылысын сөздер ғана емес, дыбыстар, сондай-ақ сол дыбыстың айтылуын беретін әріп таңбалары да өзгертіп, басқа бағытқа бұрып кетеді.

Дәл қазіргі қызылкеңірдек айтыстардың көпшілігі латын әліпбиінің негізінде жазуымызды өзгертуге қатысты болып тұр. Қазақ елі кириллицаға дейін үш жазуды қолданды, олар – ескі Таластан Орхон-Енисей бойына тараған – орхон (І-ІХ ғ.), соғдылықтар арқылы жеткен – ұйғыр (ІХ-ХV ғ.) және араб әрпімен жеткен жазулар (ХІV-ХХ). Түркі қағанатынан кейін мұнда ұлыстарды біріктіріп, жеке-жеке билік құрған елдер – Қыпшақтар (қыпшақ хандығы, VІІІ-ХІ ғғ.), Қаңлы ордасы, Найман хандығы, Керейт (керей) хандығы, Қарлұқ хандығы, Қарахан хандығы, Монғол дәуірінен кейін Өзбек, Қазақ қауымдары болып табылады. Руна (Орхон) жазуының кең тараған жерлері – Жетісу өлкесі, Шу, Іле, Ыстық көл, Талас өңірі. Орхон жазуын қолданатын елдер Жетісудан Бұхар хандығымен хат жазысып отырғаны қытай тарихында әлденеше рет кезігеді (Н.Я.Бичурин). Ол жазу түрік қағанатынан бұрын дүниеге келгенін Авел Ремюза, Пельс, П.М.Мелиоранский, С.Е.Малов, С.В.Киселев, А.М.Щербак дәлелдеп берген. Ортөс, Дунхуан, Гоби даласы, Ертіс бойы, Жетісу, Дунай өзенінің бойындағы руналық таңбалары әлі де зерттелу үстінде.

Ал Кеңес Үкіметінің 1920-1930 жылдары аралығында жазуды латындандыру науқаны кезінде жазуымыз 10 шақты жыл латын графикасында болды. Бұл науқан алдымен араб графикасының негізінде жазатын тілдерге жүргізілді. Одан кейінгі орында орыстан басқа халықтар тұрды. Алдымен Әзірбайжан және Солтүстік Кавказдағы Ингуш, Солтүстік Осетия мен Кабарда халықтарының жазуы 1921 жылы латынданды. 1926 жылы Бакуде Мәскеу мен Ленинградтан түрлі делегаттар қатысқан бірінші түрік съезі өтеді. Осы съезде талқыланған мәселелерге орай 1927 жылы 34 әріптен тұратын жаңа түрік халықтарының әліпбиі қабылданады. Әр тілдің өз ерекшеліктеріне сай қосымша таңбалары да болады. 1930 жылдары СССР халықтарының көпшілігінің тілі латын әліпбиіне көшкен болатын. Олардың қатарында абаз, абхаз, авар, адыгей, әзірбайжан, алтай, ассирий, башқұрт, белудж, бурят, вепс, дарғын, дұңған, еврей-тәжік, ижор, ингуш, ительмен, қабардин-черкес, қазақ, қалмық, қарақалпақ, қарачай-балқар, қарел, кет, қырғыз, коми, коряк, қырым татарлары, қрымчақ, құман, құмық, курд, лаз, лак, лезгин, мансий, молдаван, нанай, ненец, нивх, ноғай, осетин, парсы, саам, селькуп, табасаран, тәжік, талыш, татар, тат, түрікмен, удэгей, удин, ұйғыр, өзбек, хакас, ханты, цахур, шешен, чукот, шор, шұғнан, эвенкий, эскимос тілдері болды. Бұл елдерде 1929 жылдан бастап ресми түрде бүкіл іс-қағаздар мен кітап, журнал, газет түгелдей латын графикасына өтті.

1923-1939 жылдары аралығында 72 жазуы қалыптасқан тілдің 50-і латын тіліне өткен. 1929 жылдары әліпбиді латынға көшіру үшін комиссия ауқымды жұмыстар жүргізді. Мұның ізін ала 1930 жылдың 25 қаңтарында И.В.Сталин бұйрығымен Орталық комитеттің саяси бюросы орыс тілінің латын тіліне ауысуына байланысты әліпби жасау жұмысын тоқтатуға тапсырма береді. Жалпы орыс тілін латын графикасына көшіру толығымен жүзеге аспай қалған шала жоба болып табылады. 

Кирилл әліпбиін қайта жаппай қолдануды ұсыну Кеңес жетекшілерінің сыртқы саяси жағдайдағы ұстанымдарына да байланысты еді. Бастапқыда латын әліпбиі әлемдік революцияларды жүзеге асыратын үлкен мүмкіндік ретінде қаралса, кейін әр елдің геосаясаттағы, жалпы түрлі саяси жағдаяттарға байланысты ұстанып отырған бағытына қарай латын әліпбиі «буржуаздық» әрі «әсіреұлтшыл» сипат ала бастайды. Тағы бір себеп ретінде СССР мен Түркияның арасындағы саяси тұрақсыздық, нақтырақ айтсақ, 1928 жылы латынға өткен түрік елі өзге түркі тілдес халықтарға ықпал жасайды деген ой да алға шығады.

Сонымен, кирилл жазуына 1936 жылы қайтадан  өткен бірінші тіл кабардин-черкес тілі болды. Оның ізін ала 1937 жылы солтүстік халықтары, Дағыстан т.б. әліпбиін өзгертеді. 1940-1941 жылдары ірі-ірі түркі тілдес халықтар – қазақ, татар, башқұрт тілдері, одан кейін 1950 жылдарға дейін  күрд, ұйғыр, дұңған т.б. тілдер өтіп болады.

Неше ғасырлар бойы араб графикасымен сауат ашып, одан кейінгі ұжымдастырумен бірге келген латын (1920-1936 жж.) жазуындағы әдебиеттер мен құжаттар кирилл жазуында сауат ашқандар үшін мүлде жабылып қалды. Олардың қажет дегенін ғана өкімет құзырлы мекемелер арқылы кирилл жазуына аудартып басқан болды.

1940 жылдың соңындағы “Латын жазуындағы қазақ әліпбиін кирилл  графикасының негізіндегі әліпбиге өзгерту” заң жобасы он жыл бойы жүргізілді. Кирилл жазуы түгелдей халыққа сіңімді болып кеткеннің өзінде  үзбей шығып тұратын республикадағы  “Социалистік Қазақстан” сынды басылымдар он шақты жылға дейін материалдарды кирилл әліпбиінде де,  латын әліпбиінде де қатар беріп отырды.

Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін одақтас елдердің көпшілігінде бұрынғы кирилл жазуын қалдырамыз ба, жоқ өзгертеміз бе деген мәселе туындады. Бұрын барлығы тікелей орталықтанған жүйеге бағынған, тәуелсіздікті аңсаған елдер ендігі жерде тіпті жазуда да дербестікті қалады. Бірақ бұндай күрделі де, күрмеулі жайттың соңынан шығатын салдарлары есепке алынбады. Өзге елдердегі сияқты Қазақстанда да жазу өзгерту турасындағы мәселе бірнеше рет көтеріліп, басылып отырды. Бірақ  Президенттің 2012 жылдың 14-желтоқсанындағы жолдауында латын тіліне көшуді бастайтын кез келгені айтылып қалды. Содан бері біраз уақыт тыншып жатқан бұл даулы мәселе қайтадан бұрқ етіп шыға келді. Бұдан бұрын 2007 жылы Президент жазу өзгерту турасында асығудың қажеті жоқ екенін айта келіп:  “Қазақстан 70 жылдан бері кирилл жазуымен жазып та, оқып та келді.  Республика аумағында 130 ұлт пен ұлыстар мекен етіп жатқандықтан да біздің өте сақ болуымыз керек, бізге ішкі тұрақтылықты сақтап қалу маңызды мәселе» – дегенге тоқталған еді.

2011 жылы республикамыздың мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Республикамыздың латын тіліне өтуі – уақыт талабы, қоғамның дұрыс қадамы» болып табылады деген ой айтты. Латын жазуы турасында Президент кеңесшісі Ермұханбет Ертісбаев өз ойын: «Жаһандану мен Қазақстанның халықаралық қарым-қатынасын әлемдік деңгейге көтеру үшін қазақ тілін латын графикасына өтуін жеделдету керек» деп білдірді. Қазақ тілін дамытатын Президент қорының директоры Азат Шауеев  бұл реформаға кем дегенде 10-15 жыл керек екендігін айта келіп, латынға өтсек, республика халқы шет тілдерін әрі шетелдіктер қазақ тілін оңай меңгереді дегенді дәйек етеді. 

Қалай болғанда да, латын жазуына өту турасында мәселе көтерілгендіктен сол жолдан өткен елдердің тәжірибесіне талдау жасап, содан қорытынды шығарған жөн. Кеңес үкіметі ыдыраған соң 1991 жылы тарих сахнасына түркі тілдес, ірі, дербес 5 жаңа мемлекет шықты.  Оларға Түркия мемлекеті өз тарапынан жалпытүркілік идеяны енгізуді мақсат тұтты. 1991 жылдың күзінде Тұрғыт Өзалдың басшылығымен Анкарада түрік, қазақ, өзбек, әзірбайжан, қырғыз мемлекеттері басшылықтары жиналған саммит өтті. Осы саммиттен кейінгі орын алған түрлі конференциялар мен іс-жиындардың талқысында түркітілдес елдердің ортақ латын жазуына көшуі бірнеше рет қаралды. Содан көп өтпей-ақ 1993 жылдың 2 қыркүйегінде Өзбекстан «Латын жазуына негізделген өзбек әліпбиін» енгізу турасында заң қабылдады.

Небәрі екі жылдың ішінде латынданған өзбек жазуы және жазу емлесі жасалып, әліпби 29 әріптен құралды. Қала, көше, жол белгілері, түрлі мәдени-сауда орталықтардың аттары жаңа жазумен жазылып ілінді. 1996 жылдың 1 қыркүйегінде білім есігін ашқан бүлдіршіндер жаңа латын графикасында оқуды бастап кетті. Өзбекстан республикасына қарайтын, адам саны 400 мың адамды құрайтын Қарақалпақ автономиялы аймағының да жазуы да өзгертілді.  Түркі тілдерінің ішіндегі қыпшақ тобына жататындықтан қарақалпақ тілінің жазуы өзбек жазуынан ерекшеленді. Қанша ортақтастыруға тырысқанмен, өзбек жазуы болса түрік, әзірбайжан, түрікмен, қырымтатарларының жазуынан тілдік ерекшеліктеріне байланысты өзгеше болып шықты. Әліпби ауыстыру 2005 жылдың қыркүйегінде толық аяқталады деп жоспарланды. Ал, 2002 жылы қайраңдап қалған латынға көшуді толық игеру 2005 жылдан 2010 жылға дейін ұзартылады. 2005  жылы латын жазуында хат таныған оқушылардың алғашқы легі мектепте физика, химия, математика, биология сияқты гуманитарлық бағыттан өзге пәндерден білімді кирилл жазуында алды. Әлі күнге дейін Өзбекстанда екі жазу параллельді түрде қолданыста келе жатыр. Паралелльді дегеннің өзінде басымдық бәрібір кирилл жазуында қалып қойған.

Латын жазуы бейнебір тек көше аттары мен жарнама тақталарындағы жазулар үшін және аса бір құндылығы жоқ коммуналдық төлемдер мен  кейбір анықтама қағаздары үшін қабылданғандай әсер береді. Іс-қағаздары мемлекеттік, қоғамдық, тергеу-сот, ғылыми зерттеулер, есептік-финанстық есептеулер әлі күнге дейін кирилл жазуында жүреді. Ал нақты бір компания, жеке кәсіпкерлер т.б. өз ісін жарнамалайтын орындарда (теледидар, радио, көшедегі баннерлерде) екі жазуды қатар жазып келе жатыр.

Әлі күнге кітап, газет-журнал 80-85 пайыздық көрсеткішпен кирилл жазуында шығып жатыр. Көркем, анықтамалық, балалар әдебиеті яғни сатылатын, өтімді кітап тауарлардың дені бұрынғы графикада қалып қойған. Тіпті мұсылман дінін насихаттайтын кітаптардың өзі кирилл жазуында басылуын жалғастыруда. Латын жазуын негіз етіп шығып жатқан кітаптар өте аз, оның үстіне олар тек арнайы мемлекеттік тапсырыспен ғана басылуда. Мұндай кітаптардың қатарына ең алдымен, оқулықтар мен балаларға арналған әдебиеттер және классикалық өзбек әдебиетінің өкілдерінің еңбектері жатады.

Латын тілі телеарналарда да толық басымдық алған жоқ. Тіпті, өзбек халқының валютасы – сум да екі түрлі жазуды қатар қолданады. Қағаз банкноттарда кирилл жазуымен жазылса, тиындар әрі кирилл, әрі латын жазуымен таңбаланған.

Бұған қоса тағы бір әлеуметтік мәселе туындатқан жағдай бар. Ол өзбек халқының көп бөлігінің гастербайтерлік жолмен көрші елдерде еңбек етіп жатқандығы. Қаражат табу мәселесінде олар әрине өзіне жақын, визасыз шыға алатын елдері Қырғызстан, Қазақстан, Украина мен Ресейге бара алады. Латын жазуын қолданатын Еуропа мен АҚШ-ты айтпағанда, тіпті сол ортақтүркілік идеяны таратушы Түркияға шығу үшін алдымен виза, одан кейін көп қаражат қажет.

1993 жылдан бері латынға көшу басталғанымен өзбек елінде толық латын жазуына көшу аяқталған жоқ. Білім беретін кітап қоры жаңа жазу негізінде жеткіліксіз болғандықтан әлем әдебиеті, мәдениеті, тарихы тұрмақ, өзбек халқының өркениетімен таныспаған ұрпақ білімі таяздап қалғаны анық.

Егер латынмен кете берсе, ғылым-білім беретін негізгі қор, сондай-ақ қаншама жылдар бойғы жинақталған монография, диссертация, ғылыми жаңалықтар, көркем әдебиет, түрлі әлем әдебиетінен, мәдениетінен енген аудармалар т.б. жабық күйде қалады. Қайтадан кирилл жазуына көшсе 20 жылдан аса уақыт ә дегеннен сауаттарын латын тілінде ашқан буынды қайтпек керек? Осылайша Өзбекстан «былай тартса арба сынады, былай тартса өгіз өледіге келетін» шахмат тіліндегі «цугцванг» деген жағдайда қалып отыр.

Енді латын жазуына көшуден туындаған жағдайлар турасындағы өзбек саясаттанушылары мен ғалымдарының сөздерінен үзінділер келтіріп қаралық.

«Соңғы кезде түркі халықтары ортақ жазуда болса барлық жақтан қарым-қатынас дамиды деген мифтің де үні өшті. Уақыт түркі тектес халықтардың бір-бірінің кітаптарына, газет-журналдарына  қызықпайтынын, қажет болған жағдайда аударма арқылы танысатынын көрсетті. Бүтін түркі дүниесі бір-бірінің әдеби-мәдени құндылықтарын аударма түрінде оқиды» – Омар Шарифов.

«Менің ойымша, Өзбекстан 90-шы жылдардың басында антиресейлік ойдың ғана ыңғайында латын жазуына өтті де кетті. Жазу өзгерту тек саяси тұрғыға байланысты орын алды. Өндірістік сфераға жұмсалудың орнына миллиардтаған сумдар жазу жаңалауға жұмсалды. 10 жылдан кейін бәрі тек латын тілінде оқиды деген сенімде заң 10 жылға жоспарланды. Бұл авантюра жүзеге аспады – адамдар ашық түрде латын тілін меңгергілері келмейтіндігін көрсетті. Тіпті, басшылық мекемелердің өзі латын жазуындағы бір де бір хатты қабылдамайды.  Біреу хатын латын тілінде құжатханаға (канцелярия) тапсырғанмен, көмекшілері бастықтарға кирилл жазуында қайтадан жазып кіргізеді. Жетекші орындардың өздері шығарған заңның ыңғайына өздерінің көнгілері жоқ. Латын жазуына көшу бар болғаны – тереңнен ойланбаған, ешқандай өз өзін ақтамаған, тек саяси ойын ғана болып қалып отыр» – Ташпулат Юлдашев, саясаттанушы.

«Тағы бір күрделі мәселе пайда болды. Бүкіл әдебиет, барлық кітаптар, анықтамалықтардың кирилл жазуында басылғаны, оларды қайтара басу  неше миллиард долларға бағаланатыны мүлде есепке алынбады. Интернетті пайдалану үшін латын жазуының ыңғайлылығы да бар шығар, бірақ мәдени байлығымыздың барлығы кирилл жазуында қалып қойды. Енді бұл тұйықтықтан қалай шығуды ешкім білмей отыр»  – Комрон Алиев, саясаттанушы.

«Бұл біздің конституциямызға қарсы әрекет ретінде жүзеге асты. Конституция бойынша, халыққа қатысы бар қандай да бір аса маңызды өзгерістер тек референдум арқылы ғана жүзеге асуы қажет... Олий Мәжіліс (бір палаталы заң шығаратын парламент) қабылдады, бітті. Мен бұл реформаны заңсыз деп танимын. Өйткені халықтың пікірімен ешкім санасқан жоқ.  

...Жақында маған Гога Хидоятов қоңырау шалды. Ғылымға үлкен еңбек сіңірген тарихшы ағаны өз басым аса құрметтеймін. Оның дүниежүзі тарихы туралы оқулығы шығыпты. Кітабын маған жіберген ол: «Файзулла, рецензия жазып берші», – деп өтінді.  Мен: «Өзіңіз сол оқулықты оқып шықтыңыз ба?» – деп сұрадым.  Ол: «Жоқ. Латын ғой…» – дейді. Мен оған: «Олай болса, мен неге ол жазу үшін көзімді құртуым керек?! Оқымаймын. Маған өзбек кириллицасындағы, болмаса, орыс тіліндегі нұсқасын беріңіз – мен оқып шығып, пікірімді жазып берейін» – деп жауап бердім... Өкініштісі, кітабының латын тіліне қандай деңгейде аударылып басылғанын автордың өзі де білмейді. Себебі оқып шыға алмайды...» – Файзулла Исхаков, профессор, тарих ғылымдарының докторы.

«Менің түсінігімде, жазу ауыстыру бізге ештеңе берген жоқ. Ол кезде латын жазуына көшкен түркітілдес халықтар арасында тек Түркия болды. Тек түркия үшін осы ақымақ қадамға бардық... Кеш болмай тұрғанда қайтадан кейін шегінуіміз қажет. Кейін шегінуден ұтыларымыз ұтарымыздан көп»  – Мариям Ибрагимова.

Өзбекстандағыдай жазуын латындандырған тағы бір ел – Әзірбайжан.  1992 жылы әзірбайжан парламен-ті латын графикасына өту турасында заң қабылдаса, 2001 жылы латын әліпбиіне өтті, 2002 жылы кирилл жазуын қолданатындарға әкімшілік жауапкершілікке тартатын заң жобасын ендірді. Әзірбайжан елінің зиялы қауым өкілдері әлі күнге дейін бұрын кирилл жазуында бір аптада оқып бітіретін кітапты латын жазуында аяқтап шығу үшін бір ай көлемінде уақыт кететінін айтып қынжылыс блдіреді. Қазір Бакуде санаулы ғана кітап дүкендері қалған. Көпшілігінің орнына кафелер мен дүкендер, жиһаз салондары ашылған. 

1992 жылдың соңына қарай сол кездегі ел президенті Абульфаза Эльчибейдің басшылығымен республика парламенті мелекеттік тіл ретінде түрік тілін қабылдаған. Сол кездегі биліктің пантүркілік идеясымен осындай саяси ұстанымдар орын алды. Бірақ бұл ұстанымдар Әзірбайжан халқының басты-басты мәселелерін шешуге келгенде әлсіздік танытты. Түрік тілі өзінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметін 3 жыл атқарып, Гейдар Әлиев билік басына келген соң, әзірбайжан тілі мемлекеттік тіл болып бекітілді.

Әзірбайжан Жазушылар Одағының мүшесі Эльчин Гасанов: «Бірде маған әліпби реформасын жақтаушылар: «1939 жылы СССР құрамында болған кезде Әзірбайжан кирилл жазуына өтті, сол кезде үлкендерге де, жастарға да қиын болды. Бірақ олардың кирилл жазуын меңгеруге күші жетті. Сондықтан шыдау керек!» деген ой айтты. Бірақ кеңестік кезеңде жүйе болды. Өзгерістерді іске асыратын механизм, қатал тәртіп болды. Онымен қоса, рухани байлықтардың саны мен сапасы да дәл мұншалықты деңгейде жинақтала қоймаған еді. Біреуге өкпелеп, барыңнан айрылып қалудың не қажеті бар. Жасыратыны жоқ, Әзірбайжан Ресейден тіпті, жазуына дейін іргесін бөлектетуге тырысып, Түркия және АҚШ-пен одақтасқысы келді... Маған кирилл жазуынан латын жазуына өту халықтың аз оқып, сауатты болмауы үшін, өркениеттің, әдебиеттің дағдарысқа ұшырауы үшін, ұлттың ортақ сипатын жою үшін жасалған нәрсе сияқты көрінеді. Сауатсыз тобырды билеп-төстеу оңай, өте оңай!» - дейді ашынып.

Өзбекстан… Әзірбайжан… Екі елдің жазу ауыстыруда жүріп өткен жолы осындай. Енді елімізде жазу өзгертсек орын алады дейтін пікірлерді жеке-жеке талдап өтейік.

Бірінші, латын жазуына көшсек, бұрынғы отарлық әліпбиден іргемізді аулақ салған соң, әр қазақтың жүрегінде ұлтқа, тілге, жерге деген патриоттығы оянады-мыс.

Бірақ Қазақстан халқының ой-санасы деңгейінің өсуі, туған тіліне, еліне деген патриоттығы, халықаралық аренадағы экономикасы мен беделін көтеру әліпби ауыстыру арқылы  жүзеге аспайтыны анық. Тіпті, біздің қоғамдағыдай орыстілді және өзбектілді не әзірбайжантілді деп өз ішінде бөліну мәселесі жоқ екі халық елдің алдымен латын жазуына өтті. Осы елдер 20 жыл уақыт ішінде жазу ауыстыру арқылы дамыған алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылды десек ақсақты тыңдай, өтірікті шындай соққан болып шықпаймыз ба? Кез келген елдің әлем алдындағы беделі жаңа технологиялық, ғылым-білім жетістіктерімен, ерекше әдебиетімен, экономикасымен, халықтың әлеуметтік тұрмысымен т.б. алға шығады.

Жеріміз бен ондағы толып жатқан байлықтар кез-келген шет елге қажет болғандықтан қызығушылық тудырғанмен, тіліміз, рухани байлығымыз, осы байлықты қалыптастырған жазуымыз өзгелерді айтпағанның өзінде туысқан түркі тілдес халықтардың ешбіріне қажет емес, тек қазақ халқына ғана қажет. Қазақтар жазуларын латындандырыпты деп дамыған елдер қатарынан орын босата қояды деген де күлкілі естілмей ме?

Республиканы қоныстанған өзге ұлт өкілдерін қоя тұрып қазақтардың өзін ана тіліне қайтару үшін мүлде басқа талаптары бар заң күшіне ену керек. Бұл жерде латын жазуына көшу титтей де көмек бере алмайды.  Латынға көшсек, қазақ тілі автоматты түрде беделге ие болып, қарым-қатынастың барлық түріне шыға қалатын болса оны мақұл дер едік. Бірақ, қазақ тілінің жазуы латынданған кезде онсыз да үлкен дәрежедегі ресейлік ақпарат тарататын тетіктер шексіз басымдыққа ие болайын деп тұр. Олар өздеріне туындаған мұндай табысты сәтті өте ұтымды пайдаланып қалатындығы күмәнсіз.

Екінші, «Латын жазуы бізді біріктіреді» біріксе, өзбек, түрік әзірбайжан елдері 25 жылдан бері бірігер еді ғой  Бірігу деген географиялық, экономикалық т.б. алшақтықтарға барғанда сағымдай ойнап тұрған түсінік қана. Мысалы, өзбек халқы латын жазуына өткенмен, Түркияда өзбек авторының кітабын шығару барысында  аударма латын жазуына негізделген жаңа өзбек әліпбиінен жасалмайды. Аударма үшін түрік ағайындар міндетті түрде кириллица нұсқасындағы вариантты немесе мүлдем орыс тіліндегі нұсқасын сұратады. Өйткені,  жаңа өзбек әліпбиін өзбектердің өзі меңгере алмай жатқанда қаншама ғасырлық тілдік айырымы бар, әрі өзіндік дыбыстарды жаңа ендірген емлеге сай белгілегендіктен, жаңа жазудағы өзбек тілінен тікелей аударма жасайтын мамандар жоқ.

Ортақ түркілік идеяны көздейтін Түркия мемлекеті де славян жазуы саналып кеткен латын графикасынан бас тартып, түркілік руна жазуға барлық түрік халықтары болып көшейік деген идеяны алға шығармайды. Себебі олар өзінің рухани байлығының, телегей теңізден терең кеткен білім-ғылым, әдебиетінің бір мысқалын да жоғалтқылары жоқ.

Кеңес үкіметі тұсында бір орталыққа бағынып тұрған кезде ұқсамаған түркі тілдерінің жазуы, айтылымы енді дербес мемлекет болып шыққанда бірігеді дегенге кепілдік қайда? Әр тіл өзінше дамудан өткендіктен оларды таңба арқылы бір-біріне қайтадан жақындату да орындалмайтын арман ғана.

Сондай-ақ, қазақ әліпбесіндегі таңбалардың көпшілігі артық, сондықтан оны қысқарту керек деген пікір бар.

1940 жылы С.А.Аманжоловтың жетекшілігімен қабылданған әліпби 42 әрітен тұрады. 33 әріп орыс әліпбиіндегідей таңбаланса, қалғаны тек қазақ тілінің дыбыстауында ғана бар  9 әріп – Ә, Ғ, Қ, Ң, Ө, Ұ, Ү, Һ, І. Шет елдердің сөздерінің негізінде енген В, Ё, Ф, Х, Һ, Ц, Ч, Щ, Ъ, Ь, Э қазақ сөздерінде кездеспейді. Иә, латын графикасының шап-шағын болып 26 әріптен құралуы қызықтыратыны рас. Бірақ, неміс, француз, ағылшын тілдерінде екі, үш, кейде төрт әріпті біріктіріп барып бір дыбысты таңбалайды. Дифтонг, трифтонг, яғни қосарланып барып бір дыбысты таңбалау сөзсіз әліпбиде әріп жетімсіздігін аңғартады. Ең дұрысы, әріп санының тілдік дыбыстардың санымен тура келіп, бір әріп, бір дыбысты таңбалауында. Керісінше, қазақ әліпбиінің спецификалық дыбыстарын беретін таңбаларды жойып аламыз. 48 әріпті 28 әріпке айналдыру тілді өзгеше дыбысталуға әкеліп соғады.

Латын жазуына көшкенде біздің де қосарланған әріптердің көмегіне жүгінеріміз хақ. Кейбіреулер көлемділіктен арылып, әліпбиді қысқарту үшін түпкі қазақ сөздерінде қолданылмайтын В, Ё, Ф, Х, Һ, Ц, Ч, Щ, Ъ, Ь, Э сияқты әріптерді онымен бірге дыбысталуды да мүлде алып тастауды ұсынып жатыр. Яғни, францияны - прансиа; федерацияны – педерасиа; вагонды – багон; вокзалды – бокзал т.б. деп айтып, жазуды ұсынды. Бұл да өз кезегінде тілге жасалатын қиянат болып табалмай ма? Елу жылда ел жаңа демекші, соңғы 19-20 ғасырлардағы ғылым мен техникалық ізденістер тудырған жаңалықтарға сай орын алған сөздердің тілімізге еніп сіңісіп кетті. Кейбір сөздердің қолданыста келе жатқанына ғасырға жуық уақыт болды. Сондықтан әсіренауқаншылдықтан сақтанған жөн.

Тағы бір мәселе ретінде қазіргі қазақ әліпбиі компьютерде қолдануда қиындық тудыратыны айты-лып жатыр. Әр түрлі тілдердің таңбалануын стандарт-тау үшін компьютерлік индустрияда арнайы – Unicode жобасы жасалынды. Бұл бағдарламаға қазіргі кезеңде қолданылатын барлық тілдердің әліпбилік таңбалары ендірілген. Олардың арасында әрине қазақ тілі де бар. Қазақ тілі Майкрософт компаниясы шығарып жатқан Windows 2000-нан басталып қазіргі Windows-2013 , Windows XP- барлығына енген. Ғаламторлық желілерде толыққанды қазақ графикасында ашылатын қаншама сайттар өз жұмысын өзге графикадағылардан қалмай-ақ атқарып жатыр. Пернетақтада қазақ әріптерінің барлығына орын табылған. 20 шақты жыл бұрын қазақ тілі әріптерінің бағдарламаға енбеген тұсында бұл мәселе болғаны рас. Бірақ ол қазір жоқ. Қазақ тілінің төл дыбыстары техника, компьютер тілінде қолдануға болатыны айдан анық нәрсе.

Латын әліпбиіне көшуді жақтайтындар негіз ететін кейбір жайттарды талдап өтік. Бұдан әркім өзінше ой түйетіні тағы бар. Дегенмен, осы мәселе төңірегінде тереңнен ойланғандар жазу өзгертудің екінші ұшы болатынын да естен шығармаса екен деген ниеттеміз.

Жазу өзгертуді жай кезекті мәселе деп қараған жағдайда оның астарында толып жатқан мәселелерге жол ашып береріміз хақ.

Қай жазудың болмасын түп төркіні бір жазуға барып тірелгенмен, нешеме ғасырлар бойына даму мен өзгеріске ұшырап кеткен жазу түрлері қазіргі заманда бір-бірінен мүлде алшақтаған. Жазу ауыстыру мәселесі қай елде, қай кезде болмасын үлкен мақсат-мүддеге байланысты жүзеге асырылған. Біздің еліміз жазу ауыстырудан бұрын жоғарыда айтылған елдерде орын алған дағдарыстар мен қиындықтардан сабақ алуы тиіс. Өйткені бәрі дәл қазіргі біраз адамдардың ойлағанындай, оны жазып-сызып халыққа таныс-тырып жатқандарындай теп-тегіс, жып-жылтыр бола қойған жоқ. Ұлт жазуын реформалау тарихта әдетте белгілі бір уақытқа созылған әрі мемлекеттің өзінше дара жолды ұстанып, төңкерістен кейін, болмаса тәуелсіздігін ала салысымен халық санасын басқа рухта қалыптастыру үшін жүзеге асып отырған. Яғни, қаншама жыл өзге халықтың езгісінде болған бұратана халықтардың тәуелсіздікке қол жеткізе салысымен бұрынғы қалыптасқан жүйедегі жазудан басқа жазу, сол жазу арқылы жаңа ұлттық идеяларды ұлықтау басты мақсат етіп қойылған. Сондықтан да Түрік елі өзінің даму үрдісін жеделдету мақсатында латын жазуына көшті. Әрі оны өзінің географиялық, экономикалық т.б. қажеттіліктеріне сай өте ұтымды пайдалана алған ел. Ел тарихы жаңа жазу үлгісін қалыптастырып жаңаша сипатта дамығаны ақиқат. Сол сияқты бұрынғы Кеңес үкіметі де өз одақтасы болған республикалардың дамуының басында бірден жазу реформасын жүргізді. Бір елдер жазу реформасын қажет етсе, қытай, жапон, корей елдерінде жазу үлгісіне реформа жүргізу туралы ешқандай даулы мәселе көтерілмеген. Рас, бұл елдерде шетелдіктер мен елшіліктер үшін төл таңба жазуларынан бөлек әліпбилік жазу бар. Бірақ ұлт құрайтын негізгі халықтың төл жазуын түгелдей өзгерту турасында мәселе ешқашан көтерілмеген. Қытайды қазір барлық жағынан жан-жақты дамыған ел дейміз. Десек те, ол ел де ХХ ғасырдың басында, орта шенінде түрлі аштық пен қиыншылықты басынан өткізді. Бірақ олар оны шешудің жолы жазу өзгертуде деп білген жоқ. Бар болған біткені 1949 жылы иероглифтік жазуды модернизациялау турасында сұрақтар туындап, 1958 жылы ҚХР-да транскрипті қытай фонетикалық алфавиті – пиньинь цзыму қолданысқа енеді. Бұл транскрипті әліпби шетелдіктердің қытай тілін меңгеруінде жеңілдік тудырғандықтан (өйткені, қытай, жапон, кәріс тілдерінің мағына жазулары өзге елдердікіндей дыбыстық жазуға ұқсамайтындықтан) латын таңбаларымен транскрипцияланған иероглифтер жүйесі пиньинь цзыму 1982 жылы халықаралық стандарт ретінде бекітіледі. Ал тіл жазуын жаппай латындандыру туралы мәселе қайтып көтерілмеген. Біздің елімізде де осы жолды үлгі етіп алып, шет тілін үйренем дейтін жергілікті халық өкілдері мен шетелдіктер үшін ерікті түрде латын жазуында хат танытатын қосымша пәндер жүргізсе болады.

Қытай тілінің өз диалектілерінің арасындағы айырмашылықтың үлкендігі сондай, бір-бірінің сөйлеу тілін аудармашысыз түсінбейді. Әсіресе солтүстік пен оңтүстік диалектісі бір-бірінен мүлде бөлек. Мұндай алшақтап кеткен диалектілерді біріктіріп тұрған - біркелкі жазу дәстүрі, яғни иероглифтер. Диалектісі екі түрлі қытайлық сөйлесіп отырғанда бір-бірін түсінбесе, қолдарына қағаз бен қалам алып жазу арқылы түсініседі.

Сондай-ақ, латын графикасына өту арқылы болашақ ұрпақтың ағылшын, неміс, француз сияқты шет тілдерін меңгеруінде туындайтын жеңілдіктер турасында да мардымды ештеңе таба алмайсың. Өйткені әр тілдің өзіндік  әліпбиі бар. Белгілі бір тілдің грамматикасын басынан бастап үйренбейінше, құр таңбаларды бір-бірімен ұқсату арқылы тағы да алысқа бара алмайсың.

Өз елінің өкінішті реформасы өзге елдерге сабақ болуы керектігін саясаттанушы Ташпулат Юлдашев: «Қазір Қазақстан да латын жазуына көшпекші көрінеді. Егер Қазақстан біздікіндей қиын өткелдерді қайтсе де басып өткісі келсе, жан-жақты зерттеу жүргізіп, Өзбекстан үшін жазу ауыстырудың қаншалықты қасіретті болғанын біліп алуы қажет», –  деп білдіреді.

Әліпби – халықаралық жағдайда түрлі мемле-кеттердің, ұлттардың мәдени қарым-қатынасын жүзеге асыратын құрал ғана. Одан басқа жазудың ешқандай ұлттық сипаты да, мәні де жоқ. Оның үстіне мақаламыздың бас жағында тоқталып өткеніміздей бар жазудың негізі бір жазуға барып тірелгендіктен одан далбасалап, патриоттық, болмаса бодандықта қалуды іздеудің тіпті қажеті шамалы. Ал латын жазуы қай ғасырда болмасын өзінің нейтральды қызметін атқара беретіні анық. Сондықтан да, әрбір заманауи сауатты, білімдімін деген адам латын жазуын тануы керек. Жалпы латын графикасын ендіретін мемлекеттің өзге де заңдық жобалары жетіп жатыр. Мысалы, соның біріне даулы жақтары да бар – «Үш тұғырлы тіл» саяси жобасын жатқызуға болады. Біз латынға көшсек алдымызда өзбектер мен әзірбайжандықтардікінен де өте үлкен деңгейдегі күрделі мәселелер шығары анық. Өйткені өкінішті жайт қазақ халқы өзбек болмаса әзірбайжан халқы сияқты 100 пайыз ана тілін білетіндерден тұрмайды. 60-70 пайыз қазақ тілін білмейтін қазақтардың бар екенін артық санайтындар үшін туған тілін білмейтіндердің санын 50-де 50 деп алсақ та өте үлкен айырма бар теңдік шығады. Тіпті, орыстілді қазақтарды былай қойғанда, ана тілін жетік білетіндердің көп бөлігі туған тілін латын жазуында оқудан туатын қиындықтар мен кедергілерге тап болған соң, орыс тілінде шығатын бірақ өзіне таныс кирилл жазуында оқып, сауатын ашып, ақыры ана тілін білмейтін топқа оп-оңай қосыла салады. Оның себебі: қазақ халқының көп, өте көп бөлігінің әлеуметтік жағдайының төмендігінде. Қаншама білімді, тәжірибелі азаматтар күн көріс үшін мардымсыз ақы төлейтін қара жұмыстарды істеуде. Істейтін жұмысы мен білім парқы да деңгейлес, тіпті кейде артық болғанмен шетелден шақырылған кадрлар жергілікті халықтан 3-4 есе көп жалақы алады. Осындай жайттардың салдарынан түрлі жұмысшылар арасында түрлі даулы мәселелер орын алғаны жасырын емес. Күйкі тірліктің күйбеңінде жүрген көпшіліктің қайта сауат ашуға мүмкіндігі келе ме? Әй, қайдам... Сондай-ақ, қоғамдағы орта жастан асқан буынның барлығы дерлік қайтадан сауатсыздыққа ұшырайды. Олардың әліпби меңгеріп отыруға уақыты да, талабы да бола қоймас. Мерзімді баспасөздер тиражы бірден құлдырап, төмен түсері сөзсіз. Бұл өз тарапынан жаппай рухани дағдарысты тудырады. Біздің халқымыздың басындағыдай туған тілін білмейтін жағдай өзбек, әзірбайжан сияқты халықтарда жоқ болса да, олар жазу өзгертуден алға баса алған жоқ. Жазуды өзгерту арқылы онсыз да шықпа жаным шықпа болып тұрған тіліміз тіпті аянышты халге түсері анық.  

Бұл орыстану процессі бұрынғыдан да тез әрі орыс тілін насихаттаушылар тарапынан еш шығынсыз жүзеге асады, қазақ тілін өз қолымызбен саналы түрде құрдымға жібереміз деген сөз.  Егер кирилл жазуына дейін ортақ түркілік жазуымыз болып, одан айрылып қалсақ онда басқа мәселе болар еді. Бірақ ондай жағдай орын алған жоқ қой.

Тілдік жазуларын сыртқы саясатқа және мемлекеттік билік басындағылардың ыңғайына қарай өзгертетін, өзгертуге жол беретін ұлт пен ұлыстарды көп елдерде «әліпби жезөкшелері» деп атау орын алған. Бұл әрине ауыр айтылған сөз. Бірақ жазу өзгертуден түсетін салмақ осы ауыр сөзді тудырған болу керек. Дәл қазір халық игілігіне, әлеуметтік ахуалдарды жақсартатын жайттарға жұмсалуы тиіс қаражаттың көп бөлігі жазу ауыстыру үшін жұмсалуы тағы да орынсыз. Жазу саласы қаншама жылдар бойы теспей соратын нысанға айналады. Зейнетақы жасын ұзартып бюджет жетімсіздіктері орын ала бастағанда, жазу ауыстыру 20 шақты жылға, мүмкін одан да уақытқа созылуы мүмкін. Жазу өзгертудің орнына қазақ тілінің дамуы үшін жағдай жасауымыз қажет. Қазақ тілінің толыққанды мемлекеттік тіл қызметін атқара алмауы әліпбидің өзгеруіне қарап тұрмағаны ақиқат нәрсе. 

Мысалы, бұрынғы одақтасымыздың бірі – Тәжікстанда кирилл жазуын араб графикасына өзгерту туралы мәселе бірнеше рет көтеріліп, ақыры жазуды өзгерту босқа уақыт пен қаржы шығындау деген шешіммен бұл мәселе бір тоқтамға келді. Тәжікстанның білім министрі Нұриддин Саидо: «Мен әрі министр, әрі ғалым, әрі филолог ретінде мұнан аса бір қажеттілік көрмедім. Бұрын одақтас болған кейбір елдердегі кирилл жазуынан латын графикасына көшу процесі ешқандай нәтиже бермеген. Әрбір сауатты адам өзі үшін араб графикасының негізіндегі парсы жазуын білуі тиіс, бірақ бұл жаппай ел жазуын өзгерту керек дегенді білдірмейді» – деген болатын. Еліміздегі жоғары биліктің аса сақтықпен, тура шешім қабылдай алған елдер тәжірибесінен сабақ алғаны игілікті іс болар еді.

http://erkineurasia.com/kz/article/view?id=229


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


10/05/2018 10:21

АҚПАРАТТЫҚ ХАТ
0 40 0

05/04/2018 11:13

Кемел әліппе жобасы
0 193 0